Сотпен жазатайым оқиға туралы талап арыз ішінара қанағаттандырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе қалалық сотында Д.Уразалинның жауапкер «Сервис-Мунай» ЖШС-не, үшінші тұлға «Ақтөбе облысының Еңбек инспекциясы басқармасы» ММ-не алынған жарақатты өндіріске қатысты деп тану, жұмыс берушіні «Н-1» актісін жасақтауға міндеттеу, еңбекақы, келтірілген моралдық залалды өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Талапкер өз талап арыз талаптарын 2014 жылы қаңтар айынан бастап «Мұнай-Сервис» ЖШС-да жүргізуші қызметін атқарғандығымен уәждеді. 2015 жылдың 26 мамыр күні аталмыш мекеме басшысы Г.Ешимовтың жеке тапсырмасымен талапкер «Урал» маркалы мотоциклмен жоғалған жылқысын іздеуге шықты. Жолда мотоциклден өрт шығып, киімін өрт жалмап,  талапкер 2 және 3 деңгейдегі күйік алды. Осы оқиғадан кейін талапкер еңбекке жарамсыз болып қалды. Жауапкер алынған жарақатты өндіріске қатысты деп танудан, емделуге жұмсалған шығындарды, еңбекақыны төлеуден бас тартты. Талапкер өзін жұмыс берушінің кесірінен өндірістік жарақат алды деп есептеді.

Талапкер соттан алынған жарақатты өндіріске қатысты деп тану, жұмыс берушіні «Н-1» актісін жасақтауға міндеттеу, 762 629 теңге төленбеген еңбекақыны, 10 000 000 теңге келтірілген моралдық залалды өндіруді сұрады.

Сот шешімімен Д.Уразалинның талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот қызметкердің «Сервис-Мунай» ЖШС-да қызметтік міндеттемелерін орындау барысында денсаулығына зиян келтірген жарақатты өндіріске қатысты деп танып, «Сервис - Мұнай» ЖШС-ін өндірістегі жазатайым оқиға туралы «Н–1» актісін жасақтауға міндеттеді. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 276 000 теңге еңбекақы, 100 000 теңге моральдық залал, 100 000 теңге өкілдік шығындар, 2 333 теңге нотариалдық шығындар, 1 135 теңге мемлекеттік баж, барлығы 479 468 теңге өндірілді.

Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі