Ақтөбе облыстық сотының тарихы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Ежелгі және бүгінгі тарих.

Аумағына Ақтөбе облысы енген Торғай өлкесінің революциялық кезеңге дейінгі сот жүйесіне хандық заңдары бойынша сот төрелігін жүргізген дүниежүзілік судьялар, басшылар, болысты басқарушылар, аумақтық соттар мен сот палаталары кірген.

Бұл басшылар терең ой қабілеті мен көрегендігімен қазақ халқының арасында орын алатын үлкен рөлімен ерекшеленген.

Олардың ішінен ең танымалдары- Торғай облысының әскери губерниясының аса маңызды тапсырмалары бойынша жоғарғы штаттық шенеунік- Беркімбаев Дербісәлі /1837-1913 ж.ж./, болыстық басшы- Нұрмұхаммедов Сейтбаталл, болыстық басшы-Алдияров Бермұхамед, болыстық басшы-Сарықожин Акшолақ, сұлтан-Баймұхамбетов Мұхаметжан, подполковник, Ержан Шолаков- болыстық басшының кеңесшісі.

Жалпы империялық сот жүйесімен бірге билер мен қазылар соты болған, олар 3 құрамнан тұрған: дара билер, билердің болыстық съезі, төтенше жағдайлар бойынша билердің съезі. Бұл соттар істерді қазақ халқының жалпы құқықтық ережелері бойынша қараған.

Осы кезеңдегі сот жүйесінің тарихы — Кіші Жүздің ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ мемлекетінің саяси құқықтық жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан, танымал биі Әйтеке бимен тығыз байланысты.

Әйтеке бидің саяси – құқықтық көзқарастары мемлекеттік басқарудың әділ бастамасын дәл көрсеткен, қазіргі кезге  дейін бұл бастамалар өзінің маңыздылығын жоғалтқан емес.

Әйтеке би ауданының орталығында елдің біртұтастығының сақталуына, жоңғар-қалмақ басқыншылығынан қорғауды ұйымдастыруға баға жетпес үлесін қосқан мемлекеттік қайраткердің атына мемориалдық мұражай ашылған. Танымал тарихи зерттеуші А.Левшин «қырғыз-қайсақ» жазбасында Тәуке ханмен бірге Әйтеке би де «Жеті Жарғыны» жазушылардың бірі екендігі туралы айтқан.

Орынборлық оқыту-мұрағаттық комиссиясының «Народный суд» атты мұрағаттық еңбектерінде Тәуке ханның және де басқа қазақ билерінің қызметі туралы түсіндірмелер жан-жақты жазылған. Ол  Л.А.Словохотовтың редакциялауымен  «Кіші Орда қырғыздарының қарапайым құқығы» атты мақаласында да кездеседі. 

Ақтөбе облысының аумағында қазақ халқының құқықтық нормалары мен салт-дәстүрлерін толыққанды зерттеп, меңгерген және де өздерінің шешендік талантымен, жан-жақтылығымен, әділеттілігімен Мөңке би, Есет Көтібарұлы, Аламан би, Былшық би, Әжібай би, Келаман би, Жаныс би, Қаратау би, Опа би, Жетес би, Саржан би, Алмат би және басқалары ерекшеленеді.     

Өмірінің соңына дейін аталған билер қазақ халқының арасында асқан бедел мен құрметке ие болған. Кеңестік құқықтық тәртіп орнағанға дейін бұл билер ауыл арасындағы жер дауы мен мүліктік қатынастарды шешіп отырған. Олардың шешімдері терең ой мен, ашықтығымен, әділеттілігімен ерекшеленген.

Тарихи деректерге  жүгінсек, қазақ халқының арасындағы билердің алар орны ерекше  екендігі көрінеді. Яғни, олардың жұмысы сол замандағы құқықтық қатынастардың қалыптасуына ықпалын тигізген.

1920 жылы 26 тамызда  Қырғыз (Қазақ) АССР-ның құрылуынан кейін халық соттарының құрылуы басталды. Мұрағат деректеріне сүйенсек, Ақтөбе губерниялық халық депутаттар кеңесі кассациялық сот органы болып 1921 жылы 21 қыркүйекте құрылған. Оның құзіретіне халық соттарының жұмысын бақылау, сот үкімдеріне, шешімдеріне қатысты жеке және кассациялық шағымдарды қарау, халық сотының әрекеттеріне келтірген кассациялық және жеке шағымдарды қарау кіреді. Бұл сот органы өз жұмысын 1923 жылы 23 сәуірде аяқтады.

Ақтөбе губерниялық соты

Халық соттары Ақтөбе губерниялық кеңесі 1921 жылы 23 қыркүйекте Ақтөбе губерниясы аумағында кассациялық сот органы ретінде құрылды. 1923 жылы сәуір айында РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімшесі өмірге келді. 2 мамырда Ақтөбе губерниялық соты ашылды. Оның құзіретіне учаскелік судьялардың жұмысын бақылау, қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық сатыда қарау, бірінші  сатыдағы байлардың мүлкін тәркілеу сияқты  істерді қарау жатқан. 

Мұрағат деректеріне сәйкес, Ақтөбе губерниялық сотының алғашқы төрағалары қатарында аталған бөлімшенің мүшелері тобында Ақтөбе губерниясының тұрғындары Тілеужан Мұқашев, Мырзағұл Атаниязов және Мұхамедғали Наренов, ал губерниялық сот мүшелері Қамбар Медетов, Хажығали Жауынбаев, Ғалымжан Құлымбетов, Иван Тарануха, Клавдова, Абдолла Құлыбеков, Моисеев, Метюков және т.б. болды. 

1928  жылы 4 тамызда  губерниялық бөлімдер жойылғаннан кейін Ақтөбе аймақтық халық соты құрылды. Бұл сот соттардың, нотариалдық кеңестердің жұмысын қадағалау, 1-ші сатыдағы азаматтық, қылмыстық істерді қарау, кассациялық тәртіпте халық сотының қаулыларын қайта сараптау жұмыстарын жүргізді. Аймақтық соттың алғашқы төрағалары А. Кенжеғалиев, М. Ғазизов болды.

1921-1923 жылдары уездерде сот, тергеу учаскелері, нотариалды бөлімдер, сондай-ақ қорғаушылар коллегиясы ашылды. Осыған байланысты 1922 жылы 20 қыркүйекте халық соттары губерниялық кеңесінің төрағасы Кеңестердің губерниялық съезінде былай деп баяндама жасады:

«Халық соттары кеңесі губернияның жоғарғы сот органы ретінде 1921 жылдың 23 қыркүйегінде төрт бөлімше құрамында ұйымдастырылды, ал 1922 жылдың 1 қаңтарына губерния бойынша оның ұйымдастыру жұмыстары аяқталды. Халық соттары кеңесі бойынша 24 сот учаскесі, 6 тергеу бөлімі және нотариалдық бөлімше ашылды. Губерния бойынша ұйымдастыру жұмыстарын аяқтай отырып, халық соттары кеңесі өзінің алдына өмірге революциялық міндеттерді жүзеге асыру үшін күрес міндетін қойды.

Ақтөбе облысы аумағын қамтыған аштық қылмыстың бұрын-соңды болмаған мөлшерін көбейтті, бұл қылмыспен күрес барысында мейлінше ауыр ахуалды туындатты. Ұрлық-қарлық көбейді. Қылмыстың кең көлемде өрістеуі сот және тергеу органдарының, сондай деңгейде милиция қызметкерлерінің тынымсыз және белсенді жұмыс істеуін талап етті. Біздің губерниямыздың көптеген жерлерінде аштық себебінен өздерін-өздері жазаға тарту жасалып жатты...».

Ақтөбе губерниялық соты 1923 жылдың 2 мамырында Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1922 жылғы 31 қазандағы 4-сессиясында қабылданған РСФСР сот құрылымы туралы Ереже негізінде құрылды. Осы аталған өкім арқылы бұған дейін Ақтөбе облысында жұмыс істеп келген халық соттары кеңесі мен Ақтөбе губерниялық революциялық трибуналы жойылды, ал сот өндірісінде аяқталған барлық істер, мүліктер мен құралдар Ақтөбе губерниялық сотының иелігіне берілді.

Губерниялық соттың төрағасы Мұхамедғали Нареновтің 1925 жылы жасаған баяндамасында былай делінеді: «Пролетарлық революцияның жеңістерін сақтау және еңбекшілердің құқықтарын қорғау мақсатында Ақтөбе губерниясында Сот құрылымы туралы ереже негізінде ұйымдастырылған мынадай сот-тергеу органдары қызмет істейді:

а) губерниялық сот 1 және 2 инстанциядағы сот ретінде, халық соты қатысушылары — бастауыш сот ұйымы, әкімшілік етуші орган ретінде;

б) халық соты».

Ақтөбе губерниялық соты қызметі аумағына учаскелік халық соттары қызметтерін бақылау, азаматтық және қылмыстық істерді кассациялық қарау, лауазымдық қылмыстар туралы істерді бірінші инстанция бойынша қарау, сондай-ақ бай-құлақтардың мүліктерін тәркілеу туралы істерді қарау кірді.

Ақтөбе губерниялық соты аппаратында мынадай құрылымдар жасақталды:

- қылмыстық бөлім;

- қылмыстық-кассациялық бөлім;

- азаматтық бөлім;

- азаматтық-кассациялық бөлім;

- нотариалдық бөлім;

- нұсқау-тексеру бөлімі;

- жеке құрамға және қаржы бөліміне басшылық ететін әкімшілік-шаруашылық бөлімі.

Губерниялық соттың бұл құрылымы негізінен өзгере қойған жоқ. Нотариалдық бөлім ғана 1923 жылдың 1 шілдесінен РСФСР Халық Комиссариаты жарлығы негізінде, соған сәйкес Қазақ АССР-ы Әділет Халық Комиссариаты нұсқауымен қайта құрылымдалды. Осы өкіммен қалалар мен поселкелерде нотариалдық кеңселер, ал губерниялық соттарда — нотариалдық бөлімшелер және нотариалдық мұрағат құрылды.

Ақтөбе мемлекеттік мұрағаты қорынан 1923-1928 жылдар аралығындағы кезеңдегі Ақтөбе губерниялық сотының жеке құрамы анықталды:

Бытко Сергей Митрофанович, Баранов Николай Андреевич,  Наренов Мұхамедғали Наренұлы — губерниялық сот қызмет еткен кезеңдегі губерниялық сот төрағалары;

Құлымбетов Ғалымжан Ілиясұлы — Азаматтық бөлім бойынша төрағаның орынбасары;

Әлмұхамедов Ибрагим — Қылмыстық бөлім бойынша төрағаның орынбасары;

Губерниялық соттың мүшелері: Тарануха Иван Андреевич, Полторак Степан Гаврилович, Темірбеков Ілияс Құлжанұлы, Галинский Миххаил Иванович, Еспаев Ахмеди Басқынұлы, Кротов Филипп Митрофанович, Бердалиев Құлмағамбет Сұлтанұлы, Зеленый Семен Афанасьевич, Фролов Иван Михайлович, Жауымбаев Қажығали, Тябина Елена Романовна, Рахметуллин Хайрутдин Яхияұлы, Солодов Александр, Моисеев Георгий, Холодкой Павел.

Сондай-ақ губерниялық соттың штатында аға тергеушілер Клецов Иван Петрович, Бүркітов Кенжеғұл, сот орындаушылары Сейітқалиев Нарден, Мусин Ғабдықадыр, бас нотариус Ментюков Борис Дмитриевич, нотариус Иванов Иван Яковлевич, хатшылар Салаев Степан Миронович, Максимов Семен, Қаратаев Мұзафар, Сарбасов Бақыт, Абдуллин Ғали, Жалмұқанов Қаналы, Каюдина Елизавета, Тигаева Вера Дмитриева, нұсқау-тексеру бөлімінің меңгерушісі Всехсвятский Иван, статист Чахлов Семен, канцелярия меңгерушісі Игнатовский Тимофей, журналист Новожилова Мария және басқалары тұрды.

Сол кезде Ақтөбе уезі сот учаскелері халық судьялары қатарында болғандар:

Герасимчук Василий Иванович, Федоренко Григорий Владимирович, Канупер Иван Васильевич, Құнанбаев Арыстанғали, Войтенко Георгий Митрофанович, Әбілов Шайха, Медетов Қамбар, Сейсекенов Бүркіталы.

Ақбұлақ уезі бойынша: Валиахмедов Шамиграт, Қаратаев Хасен;

Темір уезі бойынша: Романенко Яков, Сейітов Рысмұхамед, Самышкин Федор Александрович;

Шалқар уезі бойынша: Қарағулин Ыбыраш, Рысқұлов Тұрмұхамед, Таутенов Сержан;

Ырғыз уезі бойынша: Аймақов Темірхан, Құлыбеков Абдулла, Тосанов Мағзұм;

Торғай уезі бойынша: Тастамиров Әбен, Бейісов Жармұхамед, Бекмұхамедов Дәурен, Шартанбаев Алжиран.

1925 жылы 23 наурызда Ақтөбе губерниясы сот қыметкерлерінің съезі болып өтті. Жиында губерниялық сот төрағасы Мұхамедғали Наренов «Ауылдардағы әділет органдарының жұмысы туралы, тұрғындарға заңдылық көмегін көрсету туралы» баяндама жасады. Ол былай деп атап көрсетті: «Жұртшылықпен күнделікті байланыс жасай отырып, олардың ең қардар қажеттіліктері мен тұрмыс-тіршіліктерінен хабардар болғандықтан халық соттарына көпшілікті қайта тәрбиелеу бойынша жұмыстарға ерекше қатысу қажет, ол үшін: 1. барлық елді мекендерді жоспарлы түрде қамту мақсатында көшпелі сессиялар ұйымдастыруды ең жоғарғы деңгейге дейін дамыту, кедейлер, демек, өз құқығын қорғауда мейлінше әлсіз адамдар бір тараптан қатысатын, сондай-ақ әйел-шаруалардың мүддесін қорғайтын істерді қарауға тағайындау, т.б.; 2. Әрбір жауапты сот қызметкері міндетіне халық засадетателдерімен олардың құқықтары және міндеттері туралы жекелей әңгіме өткізу, шаруаларды мазасыздандыратын құқықтық мәселелер бойынша олар қатысатын жиындарда сөйлеуөз ауданынан шалғай мекендерге сапарға шығуды енгізу қажет; 3. Кедей шаруаларға сот ісін жүргізуді жан-жақты жеңілдету керек...»

Мұрағат құжаттары губерниялық соттағы барлық судьялардың да большевиктердің Бүкілодақтық коммунистік партиясы қатарында болғандығын растайды. Олар оқытушылық курстарда, орыс-қырғыз мектептерінде білім алған, кейбіреулерінде арнаулы заңгерлік білім де болған. Олардың қай-қайсысы да саяси сенімділігімен, тазалығымен, өз істерін жетік білетіндіктерімен ерекшеленген. Сол кездегі судьялар әзірлеген сот құжаттарының мәтіндері сауатты, бір қалыпты, әсем жазуларымен айырықшаланады. Бұл қызметкерлердің көбісі кейіннен құқық қорғау органдарына басшылық қызметтерге дайындалды.

Мысалы, 1924 жылдың қарашасынан 1927 жылдың қаңтарына дейін губерниялық соттың мүшесі болып қызмет атқарған Құлмағамбет Сұлтанұлы Бердалиев Ақтөбе өлкелік прокуроры, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметтерін атқарды.

Мұрағат құжаттарынан байқалғандай, Ақтөбе губерниясында білікті заңгерлердің жетіспеушілігі сезіледі.

1923 жылдың сәуір айында Орынбор қаласында РСФСР Әділет Халық комиссариаты ашылуымен байланысты сот қызметкерлерін оқыту проблемасы шешіле бастаған.

Өз ой-тұжырымдарын жазбаша түрде дұрыс бере алатын және партиялық қызметте немесе сот жұмысында бір жылдан кем емес уақыт болған адамдар, сондай-ақ халық соттары, халық тергеушілері арасынан губерниялық атқару комитеті бағыттауымен курстарға кандидаттар жіберіліп тұрды.

АҚТӨБЕ ОКРУГТЫҚ СОТЫ

Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1928 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен Қазақ КСР-нің әкімшілік-аумақтық бөлінуіне өзгеріс енді және губерниялардың орнына округтар құрылды.

Ақтөбе округіне Ақбұлақ, Ақкемер, Ақтөбе, Алтықарасу, Ырғыз, Елек, Қарабұтақ, Мәртөк, Новоресей, Қобда, Мағаджанов, Новоалексеевка, Темір, Шалқар, Шыңғырлау аудандары кірді.

Әкімшілік-аумақтық реформа жасалуына байланысты губерниялық соттың функциясы Ақтөбе округтік сотына берілді, ал жұмыс істеп келе жатқан учаскелік халық соттары аудандық халық соттары болып өзгерді.

Елдің социалистік индустрияландырылуы кезеңінде округтің сот органдары қызметі социалистік құрылыстың жалпы міндеттерімен анықталды. Бұл кезең социалистік мемлекеттің жеңістерін қорғау бойынша социалистік заңдылықтар мен күшейтілген жұмыстарды өмірге қатаң түрде енгізу талаптары мен мейлінше әр түрлі формаларды қабылдаған таптық күрестің одан әрі шиеленісуімен ерекшеленді.

Кеңес соттарының кадрлық құрамы Кеңес өкіметіне жат және оны бұрмалайтын элементтерден тұрақты түрде тазартылып тұрды.

Ақтөбе округтің бөлімі коллегиясының 1929 жылғы 23 ақпандағы №5 хаттамасынан кассациялық коллегияның хатшысы Далатқазинаның «1918 жылы ақ бандыларға белсенді көмек көрсеткені үшін Кеңес үкіметі атқан 32 адамның бірі, бұрынғы диірмен кәсіпорнының кәсіпкер-капиталисі қызы» ретінде, округтік сот статисі Есқалиев «Қызыл армия қудалауынан қашқан Орскінің бұрынғы капиталисінің баласы» ретінде, Хабибуллин «Қылмыстық кодекстің 74 бабы бойынша бұзақылығы үшін жазасын өтеуге жататын бостандығынан айыруға үкім кесілгені үшін» жұмыстарынан босатылғанын білуге болады.

Елді индустрияландыру кезеңі Қазақстанның сот құрылымы саласында сот органдарының ұлғаюымен және сол арқылы соттың тұрғындарға, олардың құқықтарын күнделікті қорғауға жақындай түсуімен есте қалды. Бұл уақыттарда сот өндірісін қазақ тілінде жүргізетін халық соттары учаскелері көбейді, сот қызметіне қазақ ұлты өкілдері молынан тартылды.

Сот әділдігі қызметін жүзеге асыру үшін аудандық соттар құрамы еңбекшілер депутаттары аудандық кеңестерінде сайланды.

Округтік сот құрылымы 5 бөлімшеден тұрды:

1. округтік соттың пленумы;

2. округтік соттың төралқасы;

3. қылмыстық-сот коллегиясы;

4. азаматтық-сот коллегиясы;

5. ұйымдық-нұсқаушылық бөлім (оған қаржы бөлімі, статистика, тексеру, кадрлар бойынша және шағымдар бойынша инспекторлар кіреді).

Ақтөбе округтік сотының алғашқы құрамы мыналардан тұрды: Кенжалиев Алпан, 1887 ж.т., сот төрағасы, Олейников Павел Тихонович, 1900 ж.т., төрағаның азаматтық істер бойынша орынбасары, Жауымбаев Қажығали, төрағаның қылмыстық істер бойынша орынбасары, Тябина Елена, Ступин Иван, округтік сот мүшелері, Н. Бекарыстанов, запастағы судья, Қазин Төремұрат, қылмыстық істер жөніндегі хатшы, Батыров Сәлім, азаматтық істер жөніндегі хатшы, Алманиязов Абдулла, аға хатшы, Марушенко, сот орындаушысы.

Ақтөбе округік сотының 1930 жылғы құрамы мынадай болды:

Ғазизов Махим Ғазизұлы, округтік сот төрағасы;

Олейников Павел Тихонович, төрағаның азаматтық істер бойынша орынбасары;

Нұрмұхамедов Омарғали, төрағаның қылмыстық істер бойынша орынбасары;

Бекарыстанов Ізтілеу Кәрімұлы, Салбаева Балжан, Дүйсенов Әбіл, Канупер Алексей, Булавкин Лука,  округтік сот мүшелері;

Қазин Төремұрат, запастағы судья;

Бекмұрзин Мұхтар, нотариус;

Мәмбетқұлов, сот орындаушысы;

Алманиязов Абдулла, аға хатшы;

Нөгербеков Тәпіш, қылмыстық-кассациялық коллегия хатшысы;

Алматов Әбдісамед, қылмыстық-кассациялық коллегия хатшысы;

Оразмұхамедов Оқап, азаматтық коллегия хатшысы.

Мұрағаттық мәліметтерге қарағанда, округтік сот болған уақыттарда Ақтөбе ауданының халық судьясы болып Әдия Шамғұнова қызмет істеген. Ол 1907 жылы туған, қызметкер отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшелігіне кандидат, әуелі тоғыз жылдық татар мектебін, кейіннен 2 жылдық Орта-Азия заң курсын бітірген. 

Ырғыз ауданында халық судьясы болып Төремұрат Қоқаманов қызмет істеді. Ол 1907 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, өлкелік кеңес партия мектебін бітірген. Екінші судья Серікжан Тәутенов 1896 жылы туған, кедей отбасынан шыққан, партия қатарында жоқ, екі кластық білімі болды.

Ақкемер ауданында халық судьялары болып мыналар қызмет істеді: Иван Григорьевич Жуков, 1903 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, партия қатарында жоқ, төрт кластық училищені бітірген; Константин Владимирович Порфирьев, 1898 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, селолық мектепті, заң курсын бітірген.

Мағаджанов ауданында халық судьясы болып Мырзабек Сейітов қызмет етті, 1896 жыл туған, шаруа отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшесі, Орта-Азия заң курсын бітірген. 

Новоресей ауданы халық судьясы болып Яков Васильевич Яшев еңбек етті, 1904 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшесі, теміржол училищесін бітірген, арнаулы заңгерлік білімі болмаған.

Қобда аудандық халық судьясы болып Әби Дүйсенов қызмет етті, 1895 жылы туған, қызметкер отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшесі, орыс-қырғыз училищесін бітірген, бұрын халық тергеушісі, милиция хатшысы, прокуратураның құпия бөлімінің хатшысы болған; келесі судья Шекмұхамедов Жұрмұхамед Ізмұхамбетұлы, 1900 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, селолық мектепті бітірген, ВКП (б) мүшесі.

Ақтөбе ауданы бойынша Қызыл үй жанындағы жылжымалы камераның халық судьясы Оспан Мәмбетқұлов болды, 1888 жылы туған, кедей отбасынан шыққан, орыс-қырғыз училищесін бітірген.

Ақбұлақ ауданы халық судьясы болып Анна Пьянкова еңбек етті, 1904 жылы туған, қызметкер, ВКП (б) мүшесі, жеті жылдық мектепті бітірген; Василий Иванович Герасимчук, 1899 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшесі, далалық екі кластық училищені бітірген.

Қарабұтақ ауданы халық судьясы болып Нұрлыбек Тілегенов еңбек етті.

Мәртөк ауданында халық судьясы болып еңбек еткендер: Ефим Степанович Филиппов, 1902 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, аяқталмаған 7 кластық орта білімі бар; Николай Акимович Данилов, 1902 жылы туған, жұмысшы табынан шыққан, үш кластық білімі бар, ВКП (б) мүшесі.

Шыңғырлау ауданы халық судьясы болып Хасен Қожаұлы Қаратаев еңбек етті, 1896 жылы туған, кедей отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшесі, білімі төмен.

Қосестек ауданы халық судьясы болып Рахым Әбдірахимов еңбек етті, 1901 жыл туған, қызметкерлер отбасынан, ВКП (б) мүшелігіне кандидат, білімі төмен.

Ақтөбе қаласы №16 сот учаскесінің халық судьясы болып Федор Петрович Васильев еңбек етті, 1905 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшелігіне кандидат.

Ақтөбе қаласы №1 сот учаскесінің халық судьясы болып Нармағамбет Сүтемерұлы Шамғұнов еңбек етті, 1904 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшелігіне кандидат.

Ақтөбе қаласы №4 сот учаскесінің халық судьясы болып Әсима Ерғожақызы Сұлтанғалиева еңбек етті, 1904 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, білімі төмен.

Шалқар ауданы халық судьясы болып Ізтілеу Кәрімұлы Бекарыстанов еңбек етті, 1900 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, ВКП (б) мүшесі, білімі төмен.

Темір ауданында халық судьясы болып К. Нұрпейісов, Амут Ахметов еңбек етті. Судья Темірғали Қожабергенов, 1905 жылы туған, кедей отбасынан шыққан, Орта-Азия заң курсын бітірген. 

Ойыл ауданы халық судьясы болып Орал Жұбаев еңбек етті, 1902 жылы туған, кедей отбасынан шыққан, партия қатарында жоқ.

Табын ауданы халық судьясы болып Әжібай Байтоқов еңбек етті, 1897 жылы туған, кедей отбасынан шыққан, 3-айлық заң курсын бітірген, ВКП (б) мүшесі.

Елек ауданында халық судьясы болып Бисембай Хабиев еңбек етті, 1905 жылы туған, шаруа отбасынан шыққан, Орта-Азия заң курсын бітірген.

Округтік соттың төрағасы М. Ғазизовтың есебіне сәйкес, 1930 жылға қарай округтік соттың 4 судьясы, 8 халық судьясы жергілікті ұлт өкілдерінен, округтік соттың 2 судьясы және 17 халық судьясы — еуропалық ұлт өкілдерінен, олардың 28-і ер адам, 3-і әйел, 17 ВКП (б) мүшесі, 14-і партия қатарында жоқ.

Округтік соттың бірінші төрағасы А. Кенжалиевтің баяндамасынан сотта негізінен кедейлердің еңбек құқықтарын қалпына келтіру туралы азаматтық істер қаралған. Аталған істерді қарау мерзімі қысқартылған деп табылып, сотқа түскен сәтінен бастап жеті күнді құраған.

1928 жылғы 1 қазанға есептегенде 129 азаматтық-еңбек істері қараусыз қалған, жарты жыл ішінде 315 іс түскен, 315 іс қаралып, 1929 жылдың 1 сәуіріне 169 іс қалған.

Соттарда қаралатын қылмыстық істердің негізгі категориясын мемлекетке артық астық тапсыру туралы қаулыны орындамау болып табылады. Елек ауданындағы өкілетті өкіл Арынғазиевке Орынбор округінен келген кулактар Баранниковтердің азамат Жұмашевтың үйіне артық астықтарын жасырғаны туралы хабар келіп түседі. Комиссия тексеру жүргізген кезде 15 қап бидай, 28 қап ұн табылады. Елек аудандық соты істі қарап, Баранниковтерді малының бір бөлегін тәркілеумен алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады, ал Жұмашевты оларға көмектескені үшін мәжбүрлі жұмысқа салады.  

Астықты жасырып, 150 пұт мөлшеріндегі артық өнімдерін тапсырмағаны үшін      Ж.Құлмағамбетов, И.Күзембаев, Н.Нұрмұхамбетов, И.Алмағамбетов сот алдында жауапқа тартылды. Олардың қарауындағы малдары тәркіленіп, әр түрлі мөлшерге жаза  тағайындалуға  кесілді.

Округтік сот қызмет еткен жылдар — бұл сот жүйесінің одан әрі қалыптасу және даму кезеңі, әрбір азаматтың мүдделерін сенімді қорғау және қамтамасыз ету, заңдылықты бекітудің қиын уақыты болды.