Сотпен талап қоюшының еңбекақы бойынша қарызды өндіру туралы талабы ішінара қанағаттандырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе қалалық сотында талап қоюшы В.-ның жауапкер «А.» АҚ-на еңбекақы бойынша қарызды өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.

Сотпен тараптар арасында еңбек шарты жасалғаны, аталмыш шарттың негізінде 2013 жылдан бастап талап қоюшы крановщик қызметінде ай сайын 64 400 теңге көлемінде еңбекақысымен жұмыс жасағаны, жауапкер «А.» АҚ-ның талап қоюшы В.-ның алдында  2016 жылдың қазан айынан 2017 жылдың мамыр айына дейін еңбекақы бойынша қарызы пайда болғаны анықталды. Осы себепті соттан талап қоюшы еңбекақы бойынша 618 115 теңге мөлшерінде қарызды жауапкерден өндіруді сұраған.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағының 5 тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті.

ҚР Еңбек кодексінің 113 бабына сәйкес жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі.

Іс материалдары бойынша, 2013 жылдың 13 маусымынан бастап талап қоюшы жауапкермен еңбек қатынасында тұрған, алайда 2016 жылдың қазан айынан 2017 жылдың мамыр айына дейінгі аралыққа жауапкермен талап қоюшының еңбекақысы берілмегендігі, есептеу парағымен дәлелденді. Есептеу парағында мекеменің 2016 жылдың қазан айынан 2017 жылдың мамыр айына дейінгі аралықта жұмысшы алдындағы берешегі 380 178 теңгені құрағаны анықталды.   Талап қоюшының 237 937 теңге мөлшерінде еңбекақысын өндіру туралы талабы бойынша ҚР АПК-нің 72 бабына сәйкес дәлелдер келтірілмеген. Осы себепті сот талап қоюшының еңбекақыны өндіру туралы талабының 380 178 теңге берешегін өндіру бөлігінде ішінара қанағаттандырып, қалған бөлігінде дәлелдемелер ұсынылмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдыруды шешті.  

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі