Ақтөбе қ.

Процестік келісімнің талаптарын орындаған сотталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылды

12/03/2015

Жаңа қылмыстық кодекстің ерекшеліктерінің бірі – процестік келісім ұғымының енгізілуінде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 67-бабының талабына сәйкес, процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Сонымен қатар Қазқстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабында татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы көрсетілген. Байғанин аудандық сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігінің 3- тармағымен азамат Б.Е-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Хромтау аудандық сотында «Ашық есік күні» өткізілді

12/03/2015

Хромтау аудандық сотында «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл шараға азаматша В. Каражанова А.Сейсенгалиеваға қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші жөнінде туындаған сұрақтарымен жүгінген.
Шараның қорытындысы бойынша В.Каражанованың қойған сұрақтарына толықтай жауаптар берілген.

Сот материалдық шығынды өндіру туралы талапты қанағаттандырды

12/03/2015

Мұғалжар аудандық сотында талапкер С-тің жауапкер К-ға материалдық шығынды өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық ісі қаралды. Істің мән-жайына келсек, 2014 жылдың 10 қарашасында сағат 06.40 шамасында Ақтөбе қаласының Атанияз көшесінде, жауапкер К. «Toyota Carina» маркалы автокөлігін басқарып келе жатып, жылдамдықты азайтуға шара қолданбай талапкерге тиесілі ірі қара малмен соқтығысып, малдың өліміне әкелген. Талапкер С. соттан материалдық шығын 200 000 теңге және сот шығындары 10 000 теңгені өндіруді сұрады. Сот үкімі азамат С-тің талабын толық қанағаттандырды.

Әйтеке би аудандық сотында брифинг өтті

11/03/2015

Әйтеке би аудандық сотында «Жаңалық Жаршысы» аудандық газетінің тілшісі Е.Әбдіраевтың қатысуымен брифинг өтті.

Брифингтте аудандық соттың төрағасы А.Әбдіров,  кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты екі әкімшілік іс қаралғанын айтып, тілшіге кәмелетке толмағандардың жасаған құқық бұзушылығы үшін ата-анасы, яғни заңды өкілдері жауапты екендігін және ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғандығын атап өтті.

Жәбірленушімен татуласуына байланысты жауаптылықтан босатылды

11/03/2015

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен азамат А-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Істің мән-жайына қарағанда, азамат А. 2015 жылдың 15 қаңтарында сағат 03.00 шамасында, Қандыағаш қаласы Жамбыл көшесі 21 үйде азаматша Б-ға себепсіз тиісіп, лас сөздермен балағаттап, ар-намысына тиіп, қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері жоқ іс-әрекеттер жасап, жанұя тыныштығын бұзған. Сотта жәбірленуші азаматша Б. құқық бұзушымен өзара татуласып келісімге келгенін, сол себептен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қысқартуды сұрады.

Мас күйінде көлік құралын басқарған

11/03/2015

Ойыл аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен азамат Т. қатысты әкімшілік іс қаралды.

Іс материалдарына сай, 2015 жылдың 7 наурызында шамамен сағат 00:00-де Ақтөбе облысы Ойыл ауданы, Ойыл ауылы, Шернияз көшесі бойында азамат Т. жүргізуші ретінде «Жол жүрісі қағидаларының» 2-тарауы 4-бөлігі 2-тармағының талабын бұзып, «ВА3 – 21101» маркалы автокөлік құралын алкогольден мас күйінде басқарған. Осылайша азамат Т. әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 608-бабының 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылықты жасаған.

Шалқар аудандық сотында дөңгелек үстел өтті

10/03/2015

Шалқар аудандық сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша хаттамаларды және істің басқа да материалдарын әзірлеудегі негізгі тұстарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Шалқар аудандық соттың төрағасы О.Бақтыгереев, судьялар А.Маханбетов, С.Дәріқұлова, кеңсе меңгерушісі Т.Қошаева, Шалқар аудандық ішкі істер бөлім бастығының орыбасары Б.Картеменов, учаскелік инспекторлар мен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері қатысты.

Мектептегі профилактикалық жұмыс

10/03/2015

Ойыл аудандық сотының бас маманы С.Шаймақовамен Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінде 9-11 класс оқушыларымен кездесу өткізілді.
Бас маман С.Шаймақова «Нашақорлықтың алдын алу, оған қарсы күрес және есірткі заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін жауапкершілік» тақырыбында дәріс оқыды.

Қобда аудандық сотында дөңгелек үстел өткізілді

10/03/2015

Қобда аудандық сотында «Жемқорлыққа қарсы іс шараларды, оның ішінде Нұр Отан партиясы Саяси кеңесінің қаулысымен 2014 жылдың 11 қарашада бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасында көзделген іс шараларды іске асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Сот прокурордың талабын толық қанағаттандырды

10/03/2015

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотында Мұғалжар ауданы прокурорының азамат Б-дан сот шығынын өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық ісі қаралды. Істің мән-жайына келсек, азамат Б-ға 2014 жылдың 13 қыркүйегінде Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімімен Қазақстан Республикасының ҚК-нің 152-бабының 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты Қазақстан Республикасының  ҚК-нің 67-бабының 1-бөлігі негізінде өндірістен қысқартылған. Жәбірленушінің алған жарақаты бойынша тегін медициналық көмегі үшін кеткен 5408 теңге сот шығынын азамат Б. өз еркімен өтемеген.

Беттер