Сот 2 топтағы мүгедекті бұрынғы лауазымына қайта орналастырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе қалалық соты 2-топтағы мүгедектің талап қоюы бойынша бұйрықты заңсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, мәжбүрлі бос жүрген күндері үшін жалақыны өндіріп алу, моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық іс қарады.

2013 жылы талап қоюшы «М» күзетші лауазымына қабылданды. Кейін 2022 жылы талап қоюшының күзетші лауазымы қысқартылып, ол осы лауазымнан босатылатыны туралы хабардар етілді.

Жұмыс беруші аталған бұйрықты шығарған кезде М. уақытша еңбекке жарамсыз парағында болғанын, оның зейнеткерлікке жақындаған жасын, сондай-ақ оның 2-ші топтағы мүгедек екенін ескермегенін негіздей отырып, М. өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінді.

Даулы бұйрықты шығарған кезде жұмыс беруші талап қоюшыға штаттық бос жұмыс орындарды ұсынбағаны анықталды. Сондай-ақ, бұйрық талап қоюшының еңбекке жарамсыздық кезеңінде шығарылған. Демек, осы даулы актіні шығарған кезде, жұмыс берушімен ҚР Еңбек кодексінің талаптары бұзылып, талап қоюшының еңбекке конституциялық құқығына нұқсан келтірілді.

Ақтөбе қалалық сотының шешімімен жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз деп танылып, талап қоюшы бұрынғы лауазымына қайта орналастырылды. Сонымен қатар, жауапкерден талап қоюшы пайдасына мәжбүрлі бос жүрген күндері үшін 450 367 теңге мөлшерінде жалақы және 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян  өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Источник: 
Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі