Наурыз мерекесімен құттықтау

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Ақтөбе облыстық сотының судьяларының жалпы отырысында сот төрағасы Е.Ж.Айтжанов судьялар мен сот мамандарын Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Шығыс халықтарына ортақ үлкен мейрам Наурыз - бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі келіп жетті. Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі - наурыз мейрамы құтты болсын! Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Жылқы жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын! Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт - береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! 

Келер жыл Сіздің барлық істеріңіз бен бастамаларыңызға ақ жол ашып, жетістіктерге толы болғай !

Жиында азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Н.М.Примашевтің баяндамасы тыңдалып, қазақтың күйі шырқалды. 

 

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі

 

Наурыз – жыл басы! Парсы тілінде "нау" - "жаңа", "руз" - "күн" деген ұғымдарды білдіреді.

Бұл мерекені Шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкстан ерте кезден өткізеді.

Тарихқа үңілсек, әлемдегі әр халық Жаңа жылдың басын әр уақытта атап өткен. Ежелгі халықтар негізінен Жаңа жылды табиғат жаңаруымен, яғни жер ұйқыдан оянғаннан кейін, көктем келуіне байланысты атаған. Бұл наурыз айына тура келіп отырған. Көне яхудилердің таным-түсінігінде де Жаңа жыл “авив” айы, яғни наурыз айының соңы, сәуірдің басы болатын. Еуропаны басқарып отырған Рим империясында да жаңа жыл басы наурыз болатын. Тек, Иусус Христос туғанынан бастап есептегенде 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь жыл басын табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, оған діни мағына берді. Сөйтіп, Христостың туған күніне жақындатып жыл басын 1 қаңтарға көшірді.

Содан бері христиан мемлекеттері Жаңа жылды 1 қаңтардан бастайды. Америка континентіндегі мемлекеттерде де осылай. Ресейде де Жаңа жылды 1 қаңтардан бастап есептейді. Мұны 1699 ж. орыс патшасы Петр І Голландиядан үйреніп, Ресейде жыл санаудың басын Христос туылғанынан, яғни 1 қаңтардан басталсын деген бұйрықпен кіргізген. Одан бұрын Ресейде Жаңа жылды Орта Азия, Шығыс елдері сияқты табиғаттың жаңарған, қыс маусымының көктемге ауысқан мезгілінде, яғни наурыз айында атап өтетін.
           Орта Азия халықтары, көне Персия ғалымдары күн мен түннің теңелетін уақытын, күнін, сағатына, минутына дейін тура астрономиялық дәлдікпен есептеп шығарған. Күн мен түннің теңесуі тура 21 наурызға сәйкес келген Сондықтан да, Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінің Жыл басын 21 наурыз деп белгілеген. Көрші Өзбекстанда, Қырғызстанда 21 наурыз халық мерекесі деп жарияланған. Түркіменстан Президентінінің 2002 жылғы жарлығына сәйкес Наурыз 21-інде басталып, мереке үш күнге созылса, Тәжікстанның Президенті Наурыз мерекесін екі күн деп белгілеген, яғни ол 21-22 наурыз аралығы.

Наурыз - шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған. 

Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хаямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. 

Кеңес Үкіметінің солақай саясатының салдарынан Наурызда Құран оқылмаса да, діни мереке ретінде бағаланып, оны 1926 жылдан бастап атап өтуге тиым салынған еді. Содан ұзақ жылдар бойы мемлекеттік деңгейде тойланбады. Бірақ ескінің көзін көрген қарияларымыз ауылдық жерлерде наурыз көже даярлап, отбасылық мереке ретінде тойлап келген. 

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз мемлекеттік деңгейде барлық қалаларда, облыс, аудан орталықтарында, ауылдарда бүкілхалықтық мереке ретінде тойланып келе жатыр. 

Наурыз мерекесі үш күн тойланатынын халқымыз қуана қабылдады. Қазақстан Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы Наурыз мейрамын жаңа тұрғыда мерекелеу қажет екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы бастамасына байланысты Парламентке заң жобасы келіп түсті. 2009 жылы 4 наурыз күні Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Кейін Сенат қарап, қабылданған заңға Қазақстан Президенті қол қойды. Сол заңға сәйкес мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш күн бойы, яғни, 21-22-23 наурыз күндері мерекеленетін болды. 

Наурыз мерекесі күні – қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін, жыл құстары келе бастайтын, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Самарқанның көк тасы жібитін күн. Сол себептен де табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. 

Көне деректер көзіне сүйенсек, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталады. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бірақ әр шаңырақ өзінше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәріне ұсынған. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, үйдегiлерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Бұл «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннiң белгiсi.

Бұл күні қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиетті қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсіп, бел-белестерге қызылды-жасылды кілем төселеді. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнін тойлайды. Бүкіл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйім халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.

Дәстүр бойынша Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық одан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.

Наурыз жырында:

 Құл құтылар құрықтан

 Күң құтылар сырықтан,- деп жырланғандай, осы күні ертедегі гректердің патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқызған.

Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұлыстың үлы күні – ұлыс күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы» - жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн, «көк кұт көзін (өсімдік) ашқан күн», «жылдың жерге түскен күні», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі сөз оралымдары сақталған.

          Ұлыс - жақсы тiлектер күнi. Ұлыс күнi татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Бұл күні қайын ата мен келін, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзіл де жарасымды.

Наурыз бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің,  бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. 

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным  ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. 

Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата - үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!" - деп бата береді.

Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. 

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың  бастауы, ырыc  пен берекенің арқауы деп бағалаған.

 

         Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін.  Еліміз тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!

Әрбір шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Әрбір отбасына толағай табыстармен, жақсылықтар әкелсін!

Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!

 

Азаматтық және әкімшілік

істер жөніндегі апелляциялық

сот алқасының  төрағасы                                                  

 Н.Примашев

Қайнар: 
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі