Сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қараудың кейбір мәселелері

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы Президентінің бес институционалдық реформасын жүзеге асыру барысында республика бойынша жаңадан 59 заң қабылданып, олар қазіргі кезде толығымен қолданысқа енгізілді. Сол заңдармен бірге  жаңадан қабылданған Азаматтық процестік кодекстің жұмыс істей бастағанына да мінекей жарты жылдан астам уақыт өтті.

         Қазіргі кезде бірінші сатыдағы соттарда осы жаңадан қабылданған Азаматтық процестік кодекстің қолданылуы барысында, оның ішінде заңды күшіне енген шешімдер, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау кезінде, бұрынғы кодекске қарағанда, көптеген жаңашылдықтардың енгізілгені анықталып отыр.

Оның біріншісі – жаңа кодексте қайта қарау негіздерінің бірі, яғни арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі бола алмаған іс үшін елеулі мән-жайлар пайда болған кезде сот қаулылары жаңадан ашылған мән-жайларға сәйкес қайта қаралуға жатады деген негіздің алынып тасталуы.

Бәрімізге белгілі, бұрынғы Азамттық іс жүргізу кодексінде осы аталған  негізбен көптеген заңды күшіне енген сот қаулылары жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қаралып жататын. Өйткені арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі бола алмаған іс үшін елеулі мән-жайлар деген негізге тараптар кез келген мән-жайларды жатқызып, сотқа арыздар беретін.

Ал қазіргі қолданыстағы жаңа кодексте бұл мәселе нақтыланып, жаңадан ашылған мән-жайларға не жататындығы анық көрсетілген.

Шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін:

1) заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған куәгердің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, заңсыз не негізсіз шешім шығаруға әкеп соққан құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;

2) заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған тараптардың, іске қатысатын басқа да адамдардың не олардың өкілдерінің қылмыстық құқық бұзушылығы немесе судьялардың осы істі қарау кезінде жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы;
      3) осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының не өзге де мемлекеттік орган қаулысының күшін жою негіздер болып табылады.

Сонымен қатар, қолданыстағы кодексте жаңа мән-жайларға байланысты заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау үшін тағы да қосымша үш негіз көрсетілген.

Олар:

1) істі қарау және шешу кезінде преюдициалдық маңызы болған сот актісінің күшін жою;

2) сот актісі шығарылғанда негізге алынған мәмілені жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі;

3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң сот актiсi шығарылған кезде қолданылған заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тануы жатады.

Бұрынғы кодексте жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты арыздардың соттарда қаралу мерзімі көрсетілмеген. Бұл мәселе тек ҚР Жоғарғы Сотының «Азаматтық істер жөніндегі сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қараудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 16-бөлімінде жаңадан анықталған мән-жайларға байланысты арыздарды қарау ақылға қонымды мерзімдерде қаралуы керек, бірақ бұл мерзім екі айдан аспауы тиіс деп көрсетілген болатын.

Ал қазіргі қолданыстағы кодексте бұл мәселе де нақтыланып, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз арыз келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде, ал апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарға іс тиісті сотқа келіп түскен күннен бастап көрсетілген мерзімде қаралуы керек деп көрсетілген.

Арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды сақтай отырып берілген сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз тиісті соттың іс жүргізуіне қабылданады. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені ол сотқа келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті соттың судьясы жеке-дара шешеді.

Сонымен қатар, тиісті соттың судьясы, егер сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешу кезінде арыздың осы Кодекстің 456 және 457-баптарында белгіленген қағидаларды бұза отырып берілгенін, арыздың белгіленген мерзім өткеннен кейін берілгенін және оны қалпына келтіру туралы өтінішхаттың жоқ екенін немесе арыз берудің өткен мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанын, арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмағанын анықтаса, арыз берушіге қайтарылады.

Осы тұста айта кететін мәселе жалпы жаңадан ашылған мән-жайлар олар пайда болған кезден бастап үш айдың ішінде қаралу керек.

Ал аталған мерзім өтіп кетсе арызды қанағаттандырусыз қалдыруға бірден-бір негіз болады.

Сот жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арызды сот отырысында қарайды.
         Арыз берушіге және іске қатысатын адамдарға арызды қарау уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы арызды қарауға кедергі болмайды.

Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарымдарына шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

Жалпы жаңа кодексте сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларға байланысты қайта қарау негіздерінің нақтылануына байланысты қазіргі кезде соттарда заңды күшіне енген сот қаулыларын қайта қарау азайған.

Өйткені, арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі бола алмаған іс үшін елеулі мән-жайларға қандай жағдайлар жататындығы жаңа кодексте анық көрсетілген.

Бұл да осы кодекске енгізілген азаматтық істерді қарау, оның ішінде жаңа мән-жайлар бойынша арыздарды қарау барысында жеке және заңды тұлғалардың мүдделері сотпен қорғалуы үшін жасалған нақты қадам екендігін көрсетеді.  

 

 

Ақтөбе облыстық сотының

судьясы Төленов Жұманәлі Сағатбекұлы