Істі апелляциялық сатыдағы сотта қарау

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

               Елбасының жариялаған бес институционалды реформаның бір бағыты – заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету екендігі баршаға белгілі. Сот төрелігін сапалы әрі дер кезінде жүзеге асыру заңдылық пен әділдіктің салтанат құруының кепілі болып табылады.

               Азаматтардың құқықтарын қорғау барысын реттеуде Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің алар орны ерекше. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап соттар жаңа кодекспен жұмыс істеуде.

               Осы кодексті қолданысқа енгізу жөніндегі жарлыққа Елбасымыз бірінші рет, ерекше жағдайда, бүкіл халықтың алдынды қолын қойып, бұл заңның өте маңызды екенін білдірді. 

               Жаңа кодекстің талаптарына сай апелляциялық сот сатысы үш сатыдан тұратын сот саласының халыққа қолжетімді және бірқатар істер бойынша түпкілікті сот актісі қабылданатын, ерекше жауапкершілікті талап ететін сот сатысы болып табылады.

              Апелляциялық сот сатысы кез келген облыста заңсыз және негізсіз қабылданған сот актілерінің заңды күшіне енуіне және орындауға жолдануына тосқауыл қоюлары керек. Бұл сатының негізгі мақсаты болып бір жағынан бірінші сатыдағы соттың жіберген заң бұзушылықтары мен қателіктерін түзету болса, екінші жағынан біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру болып табылады.

               Ежелгі римдік құқықтан бастау алатын апелляциялық тәртіпте іс қарау қағидаты осы күнге дейін көп өзгеріске түскен жоқ, яғни бұл іске қатысушы тұлғаның, сонымен қоса прокурордың, екінші сатыдағы сотқа бірінші сатыдағы соттың қабылдаған актісінің негізділігін және заңдылығын тексеруді сұраған өтініші немесе наразылығы болып табылады.

              Сот актісіне шағым беру сот актісінің заңсыздығына байланысты емес, кез келген тарап сот актісіне шағым беріп, жоғары тұрған сот сатысына сот актісінің заңдылығын тексеруді өтіне алады. Апелляциялық тәртіпте шағым беру басқа тәртіпте сот актісіне шағым беруден ерекшелігі шағымның заңды күшіне енбеген сот актісіне берілетіндігінде.

               Апелляциялық сатыдағы сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.

              Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы сотқа мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс, яғни апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы сотта мәлімделген талаптар шегінде қарауға тиіс.

               Егер шағымда, наразылықта жаңа дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға жол беріледі.

               Апелляциялық тәртіпте қаралуға түскен әрбір азаматтық іс бойынша судья істі сот талқылауына дайындау жұмыстарын жүргізеді.

               Қазақстан Республикасы АПК-нің 163 бабына сәйкес арыз соттың іс жүргізуіне қабылданғаннан және азаматтық іс қозғалғаннан кейін судья оны уақтылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету мақсатында істі сотта талқылауға дайындауды жүргізеді.

               Азаматтық процестік кодекстің талаптарына сәйкес істі талқылауға дайындық жүргізу апелляциялық сот алқасының  да міндеті болып табылады.

               Дайындықты судьяның жеке өзі жүргізеді және он күн ішінде бірінші сатыдағы соттар іспеттес облыстық соттың судьясы да заңда көрсетілген барлық әзірлік жүргізу шараларын алуға тиіс. 

               Атап айтқанда, әрбір істі талқылауға дайындау үшін судья істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды нақтылайды,  тараптардың құқықтық қатынастарын және сот басшылыққа алуға тиіс заңды айқындайды, іске қатысатын адамдардың құрамы туралы мәселені шешу және оларға сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарлайды, әрбір тараптың өз талаптарын немесе қарсылықтарын негіздеуі үшін ұсынылуға тиіс дәлелдемелерді айқындайды, тараптарды татуластыруға жәрдемдесу шараларын алады.

               Апелляциялық тәртіпте азаматтық істер негізінен екі ай мерзімде қаралады.

               Тек қана уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы іс сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

                Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша істі дұрыс шешу үшін маңызы бар, тараптар ұсынған немесе олардың өтінішхаттары бойынша талап етіліп алынған қосымша материалдарды, алынған сараптамалық қорытындыларды зерттейді, отырысқа шақырылған тұлғалардан жауап алады.

               Апелляциялық сатыдағы сот азаматтық істі қарап шешімді – өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруға, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға және жаңа шешім шығаруға құқылы.

              Сонымен қоса, шешімнің күшін толық немесе бір бөлігін жоюға және іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға не арызды қараусыз қалдыруға құқылы. Бұдан басқа, ҚР АПК-нің 427 бабының төртінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, яғни  іс қарау барысында істі жүргізу тілі жөніндегі талаптар және басқа да құқық нормаларының бұзылғандығы белгіленген жағдайда, шешімнің күшін жоюға және істі бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберуге жол беріледі. Ал, іс іске қатысушыларға істің қашан және қайда қаралатыны жөнінде хабарланбастан қаралған жағдайда апелляциялық сот сатысы істі өзінің өндірісіне қабылдап, қарауға тиіс.

 

                Жергілікті сот болып есептелетін облыстық соттардың мәртебесі қазіргі кезде күшейтілген, оларға қойылатын міндеттер мен жауапкершіліктер де ауқымды. Атап айтқанда, бірқатар санаттағы азаматтық істер облыстық сотта қаралып аяқталады, оларға кассациялық тәртіпте шағым беруге жатпайды, сондықтан істер облыстық сотта толық көлемде, заң талаптарына сай қаралып шешілуі қажет.

               Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес жеңілдетілген тәртіпте қаралған азаматтық істер, бітімгершілікпен аяқталған, медиация және партисипативтік тәртіпте қаралған істер, талап қою тәртібімен қаралған талап құны жеке тұлғалар үшін екі мың айлық есептік көрсеткіштен төмен, заңды тұлғалар үшін отыз мың айлық есептік көрсеткіштен төмен болған жағдайда істер кассациялық тәртіпте қаралуға жатпайды.

                 Сонымен қоса, талап арыздан бас тартылған жағдайда, банкроттық және оңалту барысында туындайтын істер облыстық сотта нақты шешімін табады.

                Азаматтық процестік кодекстің қағидаларына сай апелляциялық тәртіпте істер алқалы құрамда қаралады. Олардың саны үштен төмен болмауға тиіс. Кейбір санаттағы істер апелляциялық тәртіпте судьяның жеке өзімен қаралады. Ол заңмен белгіленген. Атап айтқанда, жеңілдетілген тәртіпте қаралған істер бойынша қабылданған сот шешімдеріне, жеке шағым және жеке наразылық берілген істер судьяның жеке өзімен қаралуына жатады. Қалған істердің барлығы сот құрамымен қаралуға тиіс.

                Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың мүмкіндіктерін сот ісін жүргізу барысында кеңінен пайдалануға тиіспіз.   

                 Іс қарау барысында да осы жетістіктерді молынан қолдануымыз керек. Барлық сот процестері міндетті түрде үн-бейнежазба құрылғыларын пайдаланумен қаралуға тиіс. Осы заманымызға лайықты техника жетістіктері сот процесінің өту барысын түгел жазып отырады. Бұл жағдай сот процесіне қатысушыларды тәртіпке баулиды, солардың ішінде судьяларды да. Сонымен қоса, орынсыз арыздардың болуын тежейді, тараптардың, олардың өкілдерінің, прокурордың істегі дәлелдемелерді тексеруге қатысуына жауапкершілікті арттырады, сот талқылауының ашық, жариялы болуын қамтамасыз етеді.

                                                                                                                                                                 Азаматтық істер жөніндегі

                                                                                                                                      сот алқасының төрағасы

                                                                                                                   Н.Примашев