Азаматтардың құқықтарын қорғау - Ата заңымыздың басты бағыты

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

Дамыған және өркениетті әрбір мемлекеттің негізгі заңы болып елдің Конституциясы табылады. Бізде оны Ата заң деп те жатады. Ол заңды да, өйткені осы заңда мемлекет пен қоғамның негізгі принциптері, құрылымы, бағыты, бәрі-бәрі айқындалған.

 Әр елдің Конституциясы сол елдің  негізгі заңы ретінде басқа заңдардың қабылдануына  бағыт-бағдар беруші акт болып табылады. Тіпті Конституциясы жоқ Ұлыбритания мемлекетін алғанның өзінде онда конституциялық негізі бар заңдар бар, олар басқа заңдарға бағыт беретін актілер болып табылады. Мысалы, он жетінші ғасырда қабылданған «Хабеас корпус акт» және басқалары.

 Біздің ата заңымыз да  ең жоғары заңды күші бар акті болып табылады және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.

 Еліміздің Конституциясының 1 бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітілген.

Еліміз тәуелсіздік алған соң 1993 жылдың 28 қаңтарында тәуелсіз мемлекеттің бірінші Конституциясы қабылданды. Осы Конституцияның қағидалары бойынша тоталитарлық жүйеге тән саяси жүйеден арылып, зайырлы және құқықтық мемлекет құруға бағыт алдық.

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық деп бекітілді. Халықтың ешқандай тобы, ешқандай ұйымдар немесе жеке тұлға мемлекеттік билікті иемденуге құқығы жоқ деп көрсеттік.

Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады деп бекітілді.

Алайда мемлекетте болып жатқан өзгерістер, әсіресе еліміздің тәуелсіз және біртұтас мемлекет деп жариялануы, тиісті декларацияға қол қою арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіруі, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Халықаралық валюта қорының және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі болуына және басқа да үлкен өзгерістерге байланысты, заман талабына сай Конституцияны қабылдау қажет болды.

Сол себепті 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда еліміздің қолданыстағы Конституциясы қабылданды.

Еліміздің бірінші Конституциясы қабылданған кезде Кеңестер Одағынан қалған кейбір заңдар қолданылып келді. Ал қолданыстағы Конституцияның қабылдануы ұлттық заңнаманың қалыптасуының негізі болды, яғни барлық заңдар Конституциядан бастау алуы және оған қайшы болмауы тиіс.

Қолданыстағы Конституцияның қағидаларына 1958 жылғы француз Конституциясының ықпалы болғаны рас. Алайда бұл жаңа құжат және дамуымыздың кепілі болатын Ата заң болып қалыптасты.

Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына 21 жыл толып отыр. Осы кезеңде бұл Заң өзінің өміршеңдігін, дамуымыздың талабына сай екенін көрсетті.

Содан кейінгі кезеңде елімізде нарықтық қатынастар мейлінше дамып, жаңа қаржылық жүйе қалыптасты. Қоғамда мемлекет пен азаматтардың арасында жаңа қатынастар орнап, осы қатынастарды реттейтін жаңа заңдар қабылдау қажеттілігі туындады.

Бұл қатынастарды реттеуде Ата заңымызға сай қабылданған және оның қағидаларын айқындайтын, толықтыратын, заман талабына сай басқа да заңдар тәуелсіз мемлекетіміздің көркеюі үшін баға жетпес құндылықтар болып табылады.

Еліміздің Конституциясы сот билігіне қатысты қағидаларды жүзеге асыру үшін де басқа заңдарға бағыт бере білді.

Осындай заңдардың қатарына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен дайындалған,  2015 жылдың 31 қазаны күні қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексін  жатқызуға болды.

Аталған заң мемлекет басшысының 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 санды Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдар аралығындағы құқықтық саясат тұжырымдамасын» және Елбасының Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде қойған міндеттерін орындау мақсатында әзірленді.

Республикамызда алғаш рет заңға қол қою рәсімін жариялы түрде жүргізе отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «аталған шара мемлекетіміз үшін, Қазақстанның әрбір азаматы үшін құжаттың орасан зор маңызы бар екендігімен байланысты.  Бұл халыққа заңның мәнін жақсырақ жеткізуге мүмкіндік береді» - деп атап көрсеткен еді.

Жаңартылған Азаматтық процестік кодекс бірінші кезекте «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт Жоспарында көрсетілген шараларды жүзеге асыруда қолданылады және қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуы тиіс.

Қабылданған жаңа заңның мақсаты – Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының Ата Заңымызда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын, аталған тұлғалардың заңды мүдделерін сот органдарында тиімді қорғау, азаматтық даулардың жедел қаралуын және шешудің процессуалдық тиімділігін арттыру, сот қаулыларының жоғары сапасын қамтамасыз ету болып табылады.

Ең басты назар аударатын жағдай – дауды татуластыру түрінде реттеуге көмек көрсету азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері деңгейіне көтерілді.

Жаңа азаматтық процестік кодексте медиация институтын одан әрі жетілдіру қарастырылған, тараптарды татуластыру мүмкіндіктері кеңейтілген. Дауды реттеуде тараптардың және олардың адвокаттарының қатысуы арқылы жүзеге асырылатын жаңа партисипативтік процедуралар енгізілген. Даулардың кейбір санаттары бойынша міндетті түрдегі сотқа дейінгі реттеу тәртібі қарастырылған. Аталған шаралар дауларды шешу мерзімін қысқартуға, тараптардың моральдық және материалдық шығындарын азайтуға ықпалын тигізеді, мұның өзі процестің бастапқы сатыларында келісімдер жасалған жағдайда мемлекеттік бажды қайтаруға негіз болады.

         Қазақстан Республикасының жаңартылған Азаматтық процестік кодексі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы және басқа да кодекстердің қабылдануы еліміздің саяси және экономикалық дамуы жолындағы жемісті шаралардың бірі ретінде бағаланады.

         Аталған кодекстер сот билігінің жүйелі дамуына, өркендеуіне, қоғамның сұранысына лайық болуына жол ашады.

         Мемлекет пен азаматтық қоғамның арасында туындайтын дауларды өркениетті түрде, яғни заң талаптарын басшылыққа ала отырып, сот төрелігін жүзеге асыратын органдардың өкілеттіктері арқылы шешу – демократиялық принциптерге негізделген қоғамдық дамудың, азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті дәрежеде, әсіресе еліміздің Конституциясына сай қорғаудың, мемлекеттің халыққа деген қамқорлығының басты көрсеткіштері болып табылады.

        Сондықтан Ата заңымыз алға қарай да биік деңгейде, барлығымыздың және әрқайсысымыздың құқықтарымызды қорғайтын, еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығын сақтау, әлемдеге отыз ең дамыған мемлекеттердің қатарынан көріну жолындағы басты құндылығымыз болып қала береді.

 

 

 

           Облыстық соттың азаматтық

           істер жөніндегі сот алқасының

           төрағасы                                                                                                                                            Н.М.Примашев