Бұл талап бұрынғыдан өзгерек / Ақтөбе газеті 30.07.2015 ж/ Ақтөбе облыстық сотының судьясы Еркін Жапаров

Версия для печатиВерсия для печати

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылы 24 тамыздағы Жарлығымен Құқықтық саясат концепциясы бекітіліп, мемлекеттің құқықтық жүйесінің даму бағыттары белгіленген.

Өткен кезеңдерде мемлекеттің және қоғамдық институттардың бірізділікпен дамуына ықпал жасайтын, Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бірқатар заңдар қабылданды.

Концепцияны жүзеге асырудың негізгі нәтижесі ретінде ұлттық заңнаманың негізгі салалары — әкімшілік, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, атқарушылық бағыттары жаңаруын атап өтуге болады.

Қазіргі таңда сот ісін жүргізудің жекелеген элементтерін ыңғайға келтіру мен талап қою бойынша істің жылдамдатылған өндірісін енгізуді көздейтін, тұтынушылар құқығын, меншік құқығы мен келісімшарттардан туындайтын міндеттемелерді қорғауды күшейтетін жаңа жүйесін енгізу заман талабы екеніне күмән жоқ.

2050 жылға дамыған 30 мемлекет қатарына ену мақсаты ұлттық құқықтық жүйеге өте жоғарғы талап қоюда.

Осыған байланысты азаматтық іс жүргізудің жаңа қағидаттарын енгізу осы таңдағы сот ісін жүргізу жүйесін жаңартпай мүмкін болмайтынын атап өткен Президент, сот ісінің ыңғайлылығын қамтамасыз ететін, істерді қараудағы оңтайлы мерзімдерді қамтитын және кейбір істер бойынша сот сатыларын ықшамдайтын жаңа Азаматтық істер жүргізу кодексін жасақтап қабылдауды тапсырған.

Жаңа кодекстің жобасындағы, егерде заң актілерімен немесе келісімшартта көрсетілген жағдайда, дауды сотқа дейінгі реттеу мүмкіндігін жаңалықтың бірі деп атауға болады. Бұл тәртіп іске қатысушы жақтардың арасындағы келіспеушілікті сотқа жүгінгенге дейін шешу мүмкіндігін беретіні сөзсіз.

Сот талқылауының ашық және жариялы болуын қамтамасыз ету жолында техникалық құралдарды пайдалану республика соттарында кеңінен орын алған. Бұл шара қоғамда сотқа деген құрметті қалыптастырып қана қоймай, жалпы жүйеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың жолы екені де белгілі.

Жаңа кодекс жобасында, егерде іске қатысушы тарап дәлелді себепсіз бірінші сатыдағы сотқа өзінің дәлелдемелерін табыс етпеген болса, ол тарап аталған дәлелдемелерін апелляциялық, кассациялық сатыдағы сотқа және қадағалау сот сатысына тапсыру мүмкіндігінен айырылатыны көзделген.

Талап қоюшы өзінің талабының негіздемесі мен талап нысанын істі сотқа әзірлеу аяқталғанға дейін өзгертуге құқылы, талап қоюының мөлшерін ұлғайтқан жағдайда сот белгілеген мерзімде мемлекеттік бажды қосымша төлеуге міндетті. Мемлекеттік баж төленбеген жағдайда сот істі бастапқы қойған талап шеңберінде қарап шешеді. Апелляциялық сатыдағы сотта талап қоюларды біріктіруге немесе оларды бөлуге, тиісті емес жауапкерді алмастыруға, қарсы талап қоюға және талапты мынадай негіздермен дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі сақталмағаны; талап қоюшының келмей қалуы немесе ол талап арызды қайтару туралы арызды берген жағдайда және оның пайдасына азаматтық іс қозғалған тұлға қойылған талапты қолдамаған жағдайда қараусыз қалдыру мүмкіндігіне шектеу қойылып отыр.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алуға, жемқорлыққа бейімділіктің деңгейін, сондай-а,қ заңсыз және негізсіз шешімдердің санын төмендетуге бағытталған бірқатар шаралар орын алған.

Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер бойынша талап арыз, арыз және осындай арызға қоса тіркелетін құжаттар сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынылуы мүмкін.

Сот талап арызды, арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарады, онда істің жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатынын көрсетеді және жауапкердің немесе басқа да мүдделі адамның он бес жұмыс күні ішінде талап арызға, арызға пікір ұсынуы үшін мерзім белгілейді.

Тараптар мәлімделген талаптардың мәні бойынша түсініктемелерді және өз ұстанымы негізделген қарсылықтарды қамтитын құжаттарды сот белгілеген мерзімде істі қарап жатқан сотқа ұсынуға және бір-біріне жіберуге құқылы. Мұндай құжаттар сот белгілеген мерзімде ашылмаған дәлелдемелерге сілтемелерді қамтымауға тиіс.

Егер талап арызға пікір, арызға пікір, дәлелдемелер мен өзге де құжаттар, егер осы құжаттарды берген адамдар көрсетілген құжаттарды сот белгілеген мерзімде өздеріне байланысты емес себептер бойынша ұсына алмағандығын негіздеген жағдайды қоспағанда, сот белгілеген мерзім өткеннен кейін сотқа келіп түссе, олар қаралмайды және осы адамдарға қайтарылады. Сот көрсетілген құжаттарды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін судья тараптарды шақырмай істі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарайды. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер бойынша алдын ала сот отырысы өткізілмейді.

Сот тараптар ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелерді, қарсылықтарды және (немесе) іске қатысатын адамдардың дәлелдерін зерттейді және көрсетілген мерзімдер ішінде ұсынылған дәлелдемелердің негізінде шешім қабылдайды.

Істі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарау нәтижелері бойынша шешімге ол қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

Осыған орай, егерде жалпы іс жүргізу тәртібімен шығарылған сот шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімі, шешімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап есептелетін болса, істі жеңілдетілген тәртіппен қарау нәтижесінде сот шығарған шешімге апелляциялық шағым беру мерзімі ол шығарылған күннен бастап есептеледі және бұл шара шешімнің дер кезінде орындалуына себеп болып, түрлі желеумен орындалуын созбалаңға салынуына жол бермейді.

Заңды күшіне енген, бірінші сатыдағы соттың шешіміне, апелляциялық сатыдағы соттың шешіміне немесе қаулысына осы Кодексте белгіленген тәртіппен кассациялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

Елбасы белгілеген 16-қадамда «Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру. Бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу» деген мақсат алға тартылуы біз әңгімелеп отырған жайларды оңтайландыруға жол ашады.