Жұмыс берушіден мүгедектік алған қызметкер пайдасына 17 млн теңге өндірілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе қалалық сотында жұмысшының жұмыс берушіден моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс қаралды.

Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшы зауытта 25 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Тараптар арасында еңбек шарты бұзылған.

Өндірісте зиян еңбек жағдайларында жұмыс жасаған қызметкер кәсіптік ауруға шалдығып, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндігінен айырылған.

2021 жылы талап қоюшыда онкологиялық ауру анықталып, Санкт-Петербург қаласында ақылы ота жасалып, бір өкпесінен айырылды. Нәтижесінде, оған 2 топтағы мүгедектік белгіленді.

Қызметкердің кәсіптік ауруға шалдыққанында жұмыс берушінің 100% кінәсі анықталған, жұмысшының еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 89% құрады.

Осылайша, Азаматтық кодекстің 931-бабының 1-тармағына сәйкес, жауапкер кінәсінің дәрежесіне қарамастан, қызметі айналасындағылар үшін қауіптіліктің жоғарылығымен байланысты заңды тұлға ретінде талап қоюшының денсаулығына келтірілген моральдық зиянды өтеуге міндетті.

Сот онкологиялық ауруын, өмірлік маңызы бар мүше – өкпенің алынғанын, тыныс алу жеткіліксіздігі секілді асқынулардың пайда болуын, қазіргі таңда талап қоюшы басқа адамдардың көмегіне мұқтаж екенін ескерді.

Ақтөбе қалалық сотының шешімімен жұмыс берушіден талап қоюшының пайдасына 17 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі