Уақытша ұстау изоляторынан қашқан тұлғаларға үкім жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе қаласының №2 сотында аса ірі мөлшердегі ұрлық, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған бұзақылық және алдын ала қамауға алынған адамдардың күзеттен қашуы айыбымен сотқа берілген Е., К. және П.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 188-б. 4-б. 3-т., 293-б. 2-б. 1-т., 426-б. 2-б. 1-т).

Қысқаша фабула
Бірінші эпизод -ұрлық
Сотталушы Е. 01.11.2023 жылы сағат 22:17 шамасында «Keruen City» СОО-да зергерлік дүкеннің ішіне заңсыз кіріп, 10 000 теңге ақшалай қаражат, жалпы сомасы 23 591 940 теңгені құрайтын 253 дана зергерлік алтын әшекейлерді және 1 123 500 теңге құрайтын жабдықты (күдері әрленген планшеттер) ұрлап, сатушыға 24 725 440 теңгеге материалдық залал келтірді.
Сот отырысында жәбірленуші материалдық шығынды өндіру туралы талап арызды толық өтелуіне байланысты қараусыз қалдыруын сұрады.

Екінші эпизод- бұзақылық
06.06.2023 жылы сағат 19:30 шамасында сотталушылар К. және П. мас күйде көше бойынша бұрын бейтаныс А. және Ш.-ны кездестіріп, оларға 3 000 теңгеге «темекі шегу аппаратын» сатып алуды ұсынды. Соңғылардың бас тартқанына ашуланып, сотталушы К. жәбірленуші Ш.-ға жақындап, балағат сөздер айтып, физикалық зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытты. Сотталушы П. жәбірленуші Ш.-ның артқы жағынан келіп, жақ аймағына соққы жасады. Кейін сотатлушылар К. және П. жерден алған тастарды жәбірленушілерге қарай лақтырып, олардың денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, қылмыс орнынан қашып кетті.

Үшінші эпизод – күзеттен қашу
Сотталушылар қылмыстық құқық бұзушылық жасағандары үшін күдікті ретінде танылып, Ақтөбе қ. ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

12.11.2023 жылы сағат 03:24 шамасында Е. және К. ішкі жағынан камераның есігі құлыпталмағанын, сондай-ақ тұтқындарға тамақ беруге арналған терезе ашылғанын байқап, күзет қызметкерлерін айқайлап шақырады. Кейін қызметкерлердің жауап бермейтініне және ұйықтап жатқанына көз жеткізгеннен кейін, Е. тамақ беруге арналған терезеден қолын шығарып, есікті сыртынан құлыптайтын ілгекті күшпен тартып, темір есікті ашты. Әрі қарай, Е. және К. камерадан шығып, магнитпен жабылған темір есікке жақындап, сымды қолдарымен орап, оны жұлып алып, ғимараттан осы есік арқылы шықты. Кейін темір қақпадан секіріп, қылмыс жасалған жерден қашып кетті.

Сотталушылардың ұстанымы
Сот отырысында сотталушы Е. тағылған айыптарды толық мойындады және жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Сотталушы К. қамаудан қашу бөлігінде тағылған айыпты толық мойындады, бұзақылық бөлігінде кінәсін мойындамады. Ал, сотталушы П. бұзақылық жасады деген айыпты ішінара мойындап, «алдын ала сөз байласқан адамдар тобында» біліктілік белгісіне қарсы шығып, қылмысты жалғыз өзі жасағанын түсіндірді.

Дәлелдемелер
Сотталушылардың кінәсі екі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, тану хаттамаларымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталады.

Тағайындалған жаза
Сотталушы Е.-нің қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде шын жүректен өкінуі танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушылар К. және П.-ның қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар анықталмады, олардың мас күйінде қылмыс жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, Е.-ге 5 жыл, К.-ға 3 жыл 3 ай мерзіміне бас бостандығынан айыру, П.-ға 2 жыл 6 ай мерзіміне бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сотталғандар К. мен П.-дан жәбірленушінің пайдасына 400 000 теңге моральдық зиян және 300 000 теңге өкіл қызметіне жұмсаған қаражат өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі