Аудандық білім бөлімі басшысы пара алғаны үшін сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ырғыз аудандық сотында қысқартылған тәртіпте пара алу (ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі) және парақорлыққа делдал болу (ҚК-нің 368-бабының 1-бөлігі) айыбымен сотқа берілген А. және М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Істің фабуласы

Сотта анықталғандай, 2023 жылғы қыркүйекте сотталушы М.-ға туысы келіп, өзінің әйелін ауылдық орта мектебіне жұмысқа орналастыруға көмек сұраған. Өз кезегінде М. өзінің туысы А. «Ырғыз ауданының білім бөлімі» ММ басшысы екенін біле тұра, аталған әйелді мектепке жұмысқа қабылдауға өтініш білдірген.

А. өз қызметін пайдаланып, мектеп директорына мұғалім ретінде жұмысқа қабылдау туралы тапсырма беріп, аталған әрекет үшін пара ретінде 400 000 теңге талап еткен.

М. аудандық білім бөлімі басшысы А.-ның ұсынысы заңсыз екенін біле тұра, парақорлыққа делдал болуға келісіп, аталған қаражатты қолма-қол түрде берген.

Сотталушылардың ұстанымдары

Сот отырысында сотталушылар қылмыс жасағын үшін айыптауға және іс бойынша дәлеледемелерді, келтірілген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауға түспейтінін жеткізді.

Прокурордың ұстанымы

Прокурор соттан әрқайсысына мүлкі тәркілеусіз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, А.-ға 3 жыл 6 айға, М.-ға 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жас балдарының болуын, А.-ның мүгедек баласының болуын, шын жүректен өкінулерін мен қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді ықпал етулерін танылды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Соттың шешімі

Соттың үкімімен  сотталушылар кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, А.-ға 3 жыл, М.-ға 1 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, білім басқармасының басшысы атына жекеше қаулы шығарылды.

Источник: 
Ырғыз аудандық сотының баспасөз қызметі