Апелляция сотталған мемлекеттік қызметшіге тағайындалған айыппұл жазасын бас бостандығынан айыру жазасына өзгертті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Мұғалжар аудандық сотының Б. және Н.-ға қатысты үкімін апелляциялық тәртіпте қарады.

Тағылған айып

Б. аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары бола тұра, қылмыстық істің оң аяқталуы үшін 900 000 теңге қаражатты Н. көмегі арқылы алуды көздеді, алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ұсталған.

Бірінші сатыдағы соттың үкімі

Соттың үкімімен Б. лауазымды адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдалану арқылы, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыруға оқталғаны (ҚК 24-б. 3-б., 190-б. 3-б. 2-т.) үшін кінәлі деп танылып, оған 9 миллион теңге айыппұл тағайындалды.  Н. бөтеннің мүлкін жымқыруға көмектескені үшін 3 450 000 айыппұлға сотталды.

Қылмыстық іс үкімді өзгертіп, Б.-ға бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұраған прокурордың апелляциялық өтінішхатымен, Б. мен Н.-ны ақтап, үкімнің күшін жоюды сұраған адвокаттардың апелляциялық шағымдары негізінде апелляциялық тәртіпте қайта қаралды.

Сот алқасының шешімі

Сот алқасы, сотталғандардың іс-әрекеті дұрыс сараланды, алайда Б.-ға тағайындалған айыппұл түріндегі жаза жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейді және тым жеңіл болғандықтан әділ бола алмайды деген тұжырымға келді.

Б. жемқорлықтың барлық түрін болдыртпауға міндетті лауазымды тұлға бола тұра, қабылданған антып бұзып, өзінің іс-әрекеттерімен мемлекеттік қызметтің беделін түсірді.

Сот алқасының қаулысымен үкім өзгертіліп, Б.-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Н.-ға тағайындалған жаза өзгеріссіз қалдырылды.

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

Источник: 
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі