Ақтөбеде анасы мен кәмелетке толмаған баласын өлтіргені үшін қайтыс болған тұлғаға қатысты үкім шығарылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған қарақшылық, екі адамды өлтіру және жас баланы өлтіруге оқталғаны үшін айыпталған қайтыс болған «Е»-ке қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 192-б. 3-б., 2-т., 99-б., 2-б., 1,14- т., 24-б. 3-б. - 99 б.-3-б.)

Қысқаша фабуласы
Сотпен анықталғандай, «Е» 28.03.2023 жылы түнгі уақытта алкогольдік масаң күйде, үйлердің бірінің қасынан велосипедпен өтіп бара жатып, екінші қабаттағы бір пәтердің балконының есігі ашық тұрғанын байқап, бөтеннің мүлкін жымқыру ойы туындаған. Үйге кіре беріс (подъезд) қақпайшасы мен газ құбыры арқылы пәтерге кірген, алайда пәтерден құнды заттар немесе ақша таба алмаған. Пәтер иесі шудан оянған кезде, «Е» оған денесінің әр жерінен пышақпен соққылар жасаған, анасының айқайынан оянған кәмелетке толмаған ұлына да пышақпен бірнеше соққы жасаған. Алған ауыр дене жарақаттары салдарынан анасы мен ұлы сол жерде қайтыс болған. Осы кезде, балалар бөлмесінде ұйықтап жатқан қызы дыбыстар мен сырылға оянып кетіп, қонақ бөлмесіне барған кезде, жерде қансырап жатқан ағасының денесі мен қасында тұрған «Е»-ны көрген. Соңғы кішкентай қыздан үйде басқа кім бар деп сұрап, оны екі қолымен мойнынан қылғындырып, мойын тұсынан пышақпен соққы жасаған, нәтижесінде қыз есінен танып қалған. «Е» оны өліп қалды деп есептеп, оқиға болған жерден кетіп қалған.

Қорғаушы тарапының пікірі
Қорғаушы тарап «Е»-ның кінәсі өз дәлелін таппады, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық-процестік заңнама нормалары бұзылды деген негізбен іс жүргізуді ақтау негіздерімен тоқтатуды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушының пікірі
Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толықтай қолдап, соттан қайтыс болған «Е»-ны жаза тағайындамай, кінәлі деп тануды сұрады.

Тағайындалған жаза
«Е»-ның кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен, атап айтқанда «Е»-нің кінәсін мойындағанымен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, абоненттік нөмірдің талдауымен, сарапшылық зерттеулермен және тірі қалған қыздың жауабымен расталды. Соттың үкімімен қайтыс болған «Е» ҚК-тің 192-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен, 99-бабы 2-бөлігінің 1), 14)-тармақтарымен, 99-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстарды жасағаны үшін жаза тағайындамай, кінәлі деп танылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, сот ПД басшысы және облыс прокурорының назарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жол берілген бұзушылықтар бойынша жеке қаулы шығарды.

Источник: 
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі