Жаңартылған қылмыстық заңнама бойынша алғашқы нәтижелер

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасының қолданыстағы жаңа Қылмыстық Кодексі (бұдан әрі қарай Кодекс) 03.07.2014ж. №226-V Қазақстан Республикасының Заңымен қабылданып, 01.01.2015ж. бастап қолданысқа енгізілді.

Кодекстің құрылымына тоқталатын болсақ, ол Жалпы және Ерекше болып екіге бөлінген. Жалпы бөлік 7-бөлімге бөлінген 98 баптан, ал Ерекше бөлік 18 тарау 99-баптан бастап, 466-бапқа дейінгі нормаларды қамтиды.

ҚР Конституциясының 4-бабының 4-тармағында, барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады,-деп көрсетілген. Соған сәйкес Кодекс «Егемен Қазақстан» газетінің 09.07.2014ж. №133-санында жарияланды.

Кодекстің басты мақсаттарының бірі ретінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты ізгілік нормаларын кеңінен қолдану болса, ауыр және аса ауыр қылмыс санаттарына байланысты жазаларды қатаңдату.

Кодекстің 39-бабының 2-бөлігінде атап көрсетілгендей жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын-алу мақсатында қолданылады, жаза тән азабын шектіруді немесе адамның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді.

Кодекстің жаңа нормаларын қолдануға қатысты сот тәжірибесіне тоқталатын болсақ. Көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе)   уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқарғаны не көлік құралын басқаруды осындай адамға бергені, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адам немесе көлік құралы меншік иесіне иеленушісі жол берсе (346-баптың 1-бөлігі)  белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан  үш жыл мерзімге айыра отырып, бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде  айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы көзделген. Осы санаттағы қылмыстық теріс қылық туралы 2015ж. 1-тоқсанында аудандық сотта үш адамға қатысты үш іс қаралды.

Сот үкімімен сотталушыларға негізгі жазамен қоса, көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыру түріндегі қосымша жаза да қоса тағайындалды.

Бұл жерде көлікті масаң күйде басқарған адамның өзіне ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың басқа қатысушыларына айтарлықтай қауіп төндіретіні кімге де болса белгілі. Бұрын осындай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік көзделсе, енді ол қылмыстық теріс қылықтар қатарына енгізіліп отыр, яғни бұрынғы әрекетінен қорытынды шығармаған адам қылмыстық кодекстің талаптарымен жауапкершілікте болады.

Кодекстің 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес, егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығанан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады.

Бұл норма да қылмыстық заңды ізгілендіруге бағытталған, яғни бұрынғы Қылмыстық Кодекстің (16.07.1997ж. №167-1) 13-бабының 2-бөлігінің «б» тармағына сәйкес егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, ол ауыр қылмыс жасаған жағдайда қылмыстық қауіпті қайталануы (рецидив) деп танылатын.

Сот тәжірибесінде осы санаттағы бір материал қаралып, бұрынғы қылмыстық заң бойынша оның әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталану белгісі бар деп танылған адамға қатысты, оның әрекеті жаңа Кодекстің нормаларына сәйкестендіріліп, яғни Кодекс оның жағдайын жақсартатын болғандықтан, 6-баптың талаптарына сәйкес оның әрекетінде қауіпті емес қайталану белгісі бар деп танылды.

Сонымен қатар, Кодекстің 68-бабының 1-бөлігінде көрсетілген тараптардың татуласуларына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатудың негіздері де кеңейтілген. Ол бойынша қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам егер жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Бұл норма бойынша осы санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның бұрын сотталғандығы ескерілмейді. 2015 ж. 1-тоқсанында осындай негізбен 11 қылмыстық іс бойынша 11 адам қылмыстық жауаптылықтан босатыла отырып, іс өндірістен тоқтатылды. Бұл жағдай қылмыстық заңды ізгілендіруге бағытталған нормалардың жүзеге асырылуын дәлелдейді. Сонымен қатар, меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты да Кодексте біраз жаңа нормалар қарастырылған. Кодексте осыған қатысты қол сұғылған мүліктің мөлшеріне байланысты болмашы мөлшер деген жаңа ұғым енгізілген, яғни 187-бапта ұйымға тиесілі мүліктің он айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе жеке тұлғаға тиесілі мүліктің екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын құны.

Жаңа қылмыстық кодекс қабылданғанға дейін ұсақ-түйек жымқыру жасаған адам әкімшілік жауаптылыққа тартылатын. Сол кезде қолданыста болған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша ұсақ-түйек жымқыру туралы істер бойынша татуласуға байланысты жауаптылықтан босатып, істі өндірістен тоқтату туралы норма болмаған. Енді жаңа қылмыстық кодекс бойынша тараптар Кодекстің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес татуласуға құқылы, ондай кезде кінәлі адам қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық теріс қылық туралы іс өндірістен тоқтатылуға жатады. Жоғарыда аталғандай Кодекстің 68-бабының 1-бөлігі қолданылған істердің арасында Кодекстің 187-бабының 1-бөлігімен дәрежеленген істер де бар. Біз Кодекстің бірқатар жаңа нормалына тоқталдық. Жаңа қылмыстық заңның басты мақсаты әрекетті қылмыстық сипаттан арылту ғана емес, керісінше кейбір құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлеріне қылмыстық сипат беру, қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс және қылмыстық теріс қылық деп жаңа критерийлер бойынша жіктеу және санатқа бөлу болып табылады. Сол арқылы ҚР Президентінің 24.08.2009ж. №858 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасында» көрсетілген талаптар жүзеге асырылуда. Сөйтіп еліміз ратификацияланған халықаралық шарттарға қылмыстық заң нормалары сәйкестендірілді.        

          Шалқар аудандық сотының төрағасы Оралбек Бақтыгереев