Ұлы отан соғысына 70 жыл

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.                                                                                                                 
Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?!Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды.

Мұғалжар ауданының №2 аудандық сотының ұжымы Ұлы Отан соғыс ардагері, тоқсанның торқалы жасына жеткен Петуненков Николай Васильевичпен кездесті. Бұл Жеңіс күндері қарсаңындағы кездесуінде, ол, қиын-қыстау заманында болған жайттар туралы айтты. Ардагеріміз 17 жасында соғыс майданына шыққан. 1943-1951жж аралығында әскер қатарында болған. 1944 жылы оң жақ көзінен жарақат алып, 3 ай госпитальда жатып, емделіп болған соң қайта майданға кеткен. Литва, Латвия елдеріне дейін барған, соғыс барысынды Б.Момышұлының дивизиясында болып, Б.Момышұлы мінезі туралы, ол кісінің қатал әрі адал екенін мәлім етті. Қазір Николай Васильевич Ембі қаласында зайыбы Петуненко Лидия Алексеевнамен әдемі ғұмыр кешуде. Некелерін соғыс аяқталған жылдары 1956 жылдың 1 наурызында қиған. 2 қыз 1 ұлы бар, сонымен қатар немере-шөберелерін де тәрбиелеген. Фашистермен соғысқан сұрапыл майданнан тірі оралғаны, бастан кешкен ауыр жайттарын баяндағаны патриоттық  сезімге дөп тиіп,  көңілге қуаныш ұялатты. Сол заманның ащысын да, тұщысын да бірдей көрген ардагер өзінің басты арманы орындалып, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлағаны үшін қуанышты.

Н.В.Петуненков, Ұлы Отан соғысының ардагері :

- Қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз үлкен бақыт. Біздің көргенімізді ұрпағымыз көрмесін деп әрдайым тілеп жүремін. Ал біз, өз кезегімізде, ардагерге рахметімізді айтып, ескерткіш сыйлықтарымызды табыс еттік. Соғыстағы, одан соң бейбітшіліктегі  істеріне ризашылығымызды білдірік. Өмірлері бізге үлгі екенін айтып, қос қолымызбен ардагер қолын алып, кеудемізге қысып, ұзақ ғұмыр тіледік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отан сүйгіштікке тәрбиелеу.

Мұғалжар ауданының №2 аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Анар Кушкенбаева