ӨМІРІН СОТ ҚЫЗМЕТІНЕ АРНАҒАН ХАЛҚЫНЫҢ АДАЛ ПЕРЗЕНТІ ЕДІ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Барлық өмірін сот қызметіне арнаған ардақты Иран Әмірұлы Әміров 1944 жылы Қызыл Орда облысы Жалағаш ауданы Қара – Кеткен станциясында  қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Он жасында әкесінен айырылып қарындасы Хадиша екеуінің тәрбиесін анасы жалғыз көтерген. Өзінің естеліктерінде Иран Әмірұлы жаратқанға ризашылығын білдіріп анасының бақытты өмір сүргенін, екі баласының өмірдегі жетістіктерін көріп, ұзақ өмір сүріп 86 жасында дүниеден озғанын айтып отыратын. Ауылында жеті кластық мектепті аяқтап, 10 класты интернатта жалғастырған Иран Әмірұлы мектеп қабырғасында жүріп - ақ судьялық қызметті армандап, алдына мақсат қойып мектепті бітіре сала Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне тапсырған, емтиханнан жоғарғы баға ала тұрып, конкурстан өтпей қалған, себебі конкурстан өтуге еңбек өтілі бар абитуриенттер ғана мүмкіншілік алған. Дегенмен де алған бетінен қайтпай, арманын орындау мақсатында Иран Әмірұлы училищеде оқып электромеханик мамандығын алып, еңбек ете жүріп, әрі кешкі курстарда дайындалып жүріп 1966 жылы өзі бала кезінен армандаған  Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің күндізгі бөліміне түскен. Әрдайым жоғарғы степендияға оқуын үлгерсе де, анасына салмақ келтірмей, керісінше материалдық көмек беріп, бес жыл бойы түнгі күзетші болып бала - бақшада жұмыс істеген. 1970 жылы Әділет Министрлігімен  Ақтөбе облыстық сотына тәжірибе алуға жоданған. Ол кезде Иран Әмірұлы 5-ші курс студенті болатын. Сол кезден бастап Иран Әмірұлының тағдыры Ақтөбе облыстық сотымен тығыз байланыста болды. Диломдық жұмысын қорғамай тұрып 13 желтоқсан 1970 жылы Ақтөбе қалалық сотының судьясы қызметіне сайланып, ол қызметті бес жыл бойы атқарып, біраз өмірлік және қызметтік тәжірибе жинақтағаннан кейін, 26 қазан 1975 жылы Октябрь аудандық сотының төрағасы қызметіне сайланған. Октябрь ауданы (орталығы Қандыағаш қаласы) облыстығы ең ірі, өнеркәсібі дамыған ауданда әрі судья, әрі төраға қызметін атқарған. Тоғыз жолдың торабы атанған Қандыағаш қаласында бүкілодақтық комсомол жастарымен Шиелісай фасфорит руднигінің құрылысы салынып жатқан уақыт болатын, ауданда сотталғандарға арналған төрт арнайы комендатура болған. Осылайша бір судьяға түскен жүктіліктің тым ауырлығын Әділет Министріне хабарлап ұсыныс келтіргеннен кейін 1980 жылы Октябрь аудандық сотына тағы бір судьяның орны берілген. Иран Әмірұлы естелігінде сол уақытта алғашында бір судья, кейіннен екі судья ғана қызмет еткен ауданда, кейіннен арнайы комендатуралар жабылып, сырттан келгендер қайта көшіп, халқының саны біршама азайса да, төрағамен қосқанда бес судьяның қызмет істегенін салыстырмалы түрде айтып,  судялардың жұмыстарының едауір жеңілдегеніне ризашылығын білдіріп отыратын еді. Иран Әмірұлы басқарған алты жарым жыл ішінде Октябрь аудандық соты «Коммунистік еңбек ұжымы» атағын жеңіп алып, сот канцеляриясы бірнеше рет республика бойынша жүлделі орындарға ие болып, соттың тәжірибесі бүкіл республикаға үлгі ретінде таратылған. Әділет Министрлігінен басқарма бастығы И.А. Тетеркин басқарып келген комиисия соттың жетістігін көріп, жоғарғы баға берген. 22 маусым 1982 жылы Иран Әмірұлы көрсеткіштері едауір төмендеп кеткен Алға аудандық сотының төрағасы болып сайланып, өзінің іскерлігімен, ұйымдастыру қабілетінің өте жоғары екенін көрсетіп, сотты алдыңғы қатарға алып шықты. Өзі қызмет еткен Октябрь және Алға аудандық сотының ұжымдарын әрқашанда есіне алып, әрбір сот қызметкерінің еңбекқорлықтарын, жұмысқа деген құлшыныстарын, әсіресе сот орындаушылар Ж.Сагинбаеваның, Л.Клемнің және М.Еркинғалиеваның істеген еңбектеріне ризашылығын білдіріп, үлкен құрметпен еске алып отыратын. 1991 жыла ақпан айынан бастап Иран Әмірұлы Ақтөбе қалалық сотын төрт жылдан астам уақыт басқарды. Алғашында 10 судья қызмет істеген қалалық сот, төрағаның ұсынысымен қала халқының санын есепке алып судьялардың санын 16-ға жеткізді, сөйтіп сот әділгін атқару сапасы жоғарылады. 20 қазан 1995 жылы Иран Әмірұлы Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметіне сайланып, 2002 жылы сәуір айында Иран Әмірұлының кәсіби шеберлігі, ұйымдастрыушылық қабілетінің жоғарылылығы, ұзақ жылдар бойы республика бойынша Ақтөбе облыстық және аудандық, қалалық соттарда бірқалыпты тәжірибенің қалыптасқандығы, әрі десе облыстық сот корпусы ұжымының сұрауы ескеріліп екінші мерзімге қайта сайланды.  Облыстық сот төрағасының екінші мерзімге қайта сол сотқа төраға қызметіне тағайындалуы республика бойынша бірінші рет еді. Иран Әмірұлы төрағалық қызметке келісімен сот әділдігі сапасын одан әрі арттырумен қатар, соттардың материалдық - техникалық базасын көтеру жұмыстарын, сотарды судьялармен, мамандармен толықтыру жұмыстарын  жақсартуда көптеген жұмыстар атқарды. Облыстық, қалалық сотқа және 13 аудандық сотқа  аудандық партия комитеттерінің және аудандық атқарушы органдардың босаған ғимараттары берілді. Одан кейінгі жылдары облыстық соттың ғимараты бірнеше рет күрделі жөндеуден өтіп, тұрған жері мейілінше жасылдандырылып, қаладағы ең әдемі жерге айналды. Қалалық соттың да ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Алғашқы рет облыстық сотта аналитика группасы ашылып, оны қадағалайтын арнайы судья тағйындады. Жаңадан құрылған аналитика группасы соңғы 7 - 8 жылда қаралған істерді талдап, онда кеткен кемшіліктерді көрсетіп, болашақта ондай қателіктерге жол бермеу қажеттігін көрсетіп, судьялардың жұмыстарына талдау жасап, жұмысты әлде қайда жеңілдетуге септігін тигізді. Иран Әмірұлы менің өмірім де, бақытым да сот дейтін еді, бала кезінен, кейіннен заң факультетінде оқығандағы арманы судья болған Иран Әмірұлы ешқашан судьялық қызметті алмастырған емес, жастау уақытында бірнеше рет облыстың  жақсы аудандарына прокурорлық қызметке тағайындауды ұсынғанда бас тартқан екен. Зейнеткерлікке шыққанда да алқибилер сотына кіріп, қызмет етуге дайын екенін айтып отыратын.  Иран Әмірұлы өте ұқыпты, тәртіппен тазалықты жаны сүйген адам болды, отбасында асқартаудай әке, Бану апаймен бас қосып, ұл - қыз тәрбиелеп өсірді, артына жақсы ұрпақ қалдырды. Бірнеше немерелі болды. Ләззат пен ұлы Ғани әкенің жолын қуып заңгерлік мамандықты таңдады, Жаннат кәсіпкер.  Судьялық қызметте қолыма судьяның қаламын алғаш ұстатқан  тәлімгер ұстаздарым деп сот жүейсінің ардагерлері - республикаға еңбегі сіңген заңгер Қуанышбай Талымжанович Мамбетовті,  Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін 25 жыл бойы атқарған Қарағойшы Сахипович Сахиповты, өмірін сот қызметіне арнаған алқа төрағасы Раиса Бекқызы Құрманғалиеваны, Ұлы Отан соғысының ардагері - судья Ришат Муказович Муказовты айтып отыратын еді. Иран Әмірұлы әрқашан әділдікті жүзеге асыру соттың мызғымас принципі болуға тиіс екенін, әділдік сөзінің төркіні адалдық екенін, ананың ақ сүтін емген, ар - ожданы таза, парасатты, мемлекетті, халықты ойлайтын адамдар әр уақытта да қара қылды қақ жарады, аттары аңызға айналған атақты өрен тұлғалы билер осындай болған, себебі олар ел тұтастығы, тыныштығы, кісі ақысы кісіде кетпеуі, қазақ мелекеттігінің мызғымастығы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимеген адамдар болғанын. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәйек сөз осындайдан қалғанын кейінгі жас буын судьяларға үнемі айтып отыратын еді. Отыз жылдан астам өмірін судьялық қызметке арнап, кейіннен Парламент Сенаты Депутаты болып,  ол қызметті ұзақ жылдар бойы үлкен абыроймен атқарған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген заңгер, ұлағатты ұстаз, бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы Иран Әмірұлы зейнеткерлік демалысқа шығып, енді әрі қарай отбасыммен, балаларымның, немерелерімнің қасында болам деген шағында 70 жасында дүниеден озды. Артына өнегелі із, үлгілі ұрпақ қалдырған Иран Әмірұлы кейінгі ұрпақтың есінде мәңгі сақталады.

Ақтөбе қаласы № 2 сотының төрағасы А. Балмұқанов