«Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі: Сот шешімінің орындалуы соттың бақылауында болады»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізіледі.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді болу қағидаты жүзеге асырылатыны Кодексте бекітілген. Соның бірі сот шешімінің орындалуы соттың бақылауында болуы. Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жауапкер шешімді ерікті түрде орындау мүмкіндігін қолдануы үшін үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Бұл ретте, жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Егер сот белгілеген мерзімде сот шешімі жауапкермен ерікті түрде орындалмаған жағдайда, сот ақшалай өндіріп алуды қолданады.

         «Ақшалай өндіріп алу» деген нені білдіреді? Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі. Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселе сот отырысында қаралатыны туралы жауапкерге алдын ала хабарланады және ол мәселе сот отырысында жүргізіледі.

         Ақшалай өндіріп алу келесі жағдайларда және мөлшерде жүргізіледі:

  • сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік

міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы;

  • соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы

адамның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы;

  • соттың шешімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе

дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін сот осы сот актісінде ол бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

         Ақшалай өндіріп алу қалай және қандай жолмен орындалады?

Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады. Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы. Өтінішхат сот отырысында арыз иесін шақырта отырып қарала және оның материалдық жағдай мен басқа да ескерілуге жататын дәлелді себептерді назарға ала отырып, сот, ақшалай өндіріп алу туралы сот ұйғарымының орындалуын кейінге қалдыруға немесе екі айға дейінгі мерзімге бөліп төлеуді беруге құқылы. Сонымен қатар, егер, сот актісін немесе соттың талаптарын орындамаған кезде сот тұлғаға он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға да құқылы.

         Айта кетерлігі, жауапкерді ақша сомасын төлеуге міндеттейтін, ерікті түрде орындалмаған соттың шешімі атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындалады, ол талап қоюшының арызы бойынша жазып беріледі.

         Кейбір сот актілері дереу орындалуға жолдуы да мүмкін. Мысалы,  сот әкімшілік процеске қатысушылардың негізді өтінішхаты бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша, егер анағұрлым кеш орындау әкімшілік процеске қатысушының құқықтарына елеулі зиян келтіретін болса не қиындататын болса немесе мүмкін болмаса, соттың шешімін дереу орындауға жіберуге құқылы. Сот актісі дереу орындауға жіберілген кезде сот әкімшілік процеске басқа қатысушылардың да құқықтары мен жария мүдделерін де ескереді.

         Сот кез келген уақытта әкімшілік процеске қатысушының өтінішхаты негізінде дереу орындауға жіберілген сот актісінің орындалуын тоқтата тұруы мүмкін. Бұл ретте, дереу орындауға жіберілген сот актілері, егер жоғары тұрған сатының заңды күшіне енбеген сот актісімен күші жойылған немесе өзгертілген жағдайда орындауға жатпайды.

 

Ақтөбе қаласының №3 сотының судьясы                                                 А.Е.Султангалиева