Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Биыл - өздерін «Көк түріктің» ұрпағымыз деп санайтын, қағандары: «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қара терімді шұбырттым, қызыл қанымды жүгірттім Түрік халқы үшін», - деп тасқа қашап кеткен Бумын қаған мен Күлтегін жалғасы қазақ хандығына 550 жыл толып отыр. Оған үлкен мән беріп отырған Елбасымыз Н. Назарбаев өз сөзінде: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақ мемлекеттігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар, бірақ, былай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды. Біз-бабалаларымыздың ұлы істерін жалғастырушылармыз»,- деген еді.

Керей мен Жәнібектің Батыс Жетісуға көшіп келуін халқымыздың тұңғыш көрнекті тарихшысы, ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулати 1465 – 1466 жылдар деп жазады. Сұлтандар Батыс Жетісуды құтты мекен ете отырып, 1465-1466 жылдары Қозыбасында қазақ хандығын құрды. Жаңадан құрылған қазақ хандығының тағына Шыңғысханның  ұрпағы болғандықтан, Керей, Жәнібек сұлтандарының екеуінің де отыруға құқығы болды. Бірақ сол кездегі орныққан тәртіп бойынша, хан тағына отырғызарда мұрагерлікпен қатар, жасының үлендігі де ескерілген. Сондықтан хан тағына жасы үлкен Керей отырып билік тізгінің қолға алды. Ақылдасар тірегі Жәнібек болды. Жәнібек хан – Барақ ханының бел баласы, Керей хан болса, Барақ ханның ағасы Болат сұлтанынның баласы, яғни екеуі немере еді. Керей хан мен Жәнібек ханның Шудағы Қозыбасыға Орда тігуі ең алдымен, көшпелі қазақтардың ел болып, еңсе көтерсек деген ынта – үмітін жүзеге асырды. Керей хан хандықтың басқару ісін Жәнібекпен келісе отырып ойдағыдай жүргізген.

Қазақ хандығының құрылуы мен нығайуы қазақ хандығының ішкі феодалдық қырқыстар мен талас – тартысты тоқтатты. Адам өліміне, өріс бұзылуына әкеп соғатын тайпаралық қақтығыстарға тыиым салынды. Ел ішінде тыныштық берік орнап, береке – бірлік кең өріс алды. Қазақ хандығының нығайуы көшпелі шаруалардың бұрыннан қалыптасқан дағдылы мал жайылымдарын жыл мерзімдері бойынша тиімді пайдалануына жағдай жасады. Шаруалар дер кезінде өріс-қонысқа, жайлау мен қыстауға көшіп – қонды. Бейбіт өмір, мамыражай заман орнады. Сөйтіп, қазақ хандығының іргесі бекіп күш-қуаты мен беделі артты.

Міне, Керей мен Жәнібек хан құрған Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі қазақ елі ХХ ғасырдың соңында мәңгілік арманына жетті. Мойны бұғаудан босады. Біз тәуелсіз ел болдық деп мінбеден сөйлеп, биік-биік тұғырдан көріндік. Қазақ хандығының  550 жылдық тойының атап өтілуі де халқымыздың Егеменді, Тәуелсіз  «Мәңгілік ел» болғанымызды дәлелдейді.

Қобда аудандық

сотының меңгерушісі А.К.Маденова