Бұйрықтық іс жүргізу қылмыстық процестегі жаңа норма

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының» 2.9. кіші бөлімінде қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделін жасау, қылмыстық процесті жеңілдету және оның тиімділігін арттыру, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін оңайлату көделген. Бұл үшін қылмыстарды, жылдам әрі толық ашу, қылмыс жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды тиісінше қолдану мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын және жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманы тиімді қолдануды көздейтін оңтайлы құқықтық тетіктерді әзірлеу талап етілетіндігі атап көрсетілген.

Тәуелсіздік алғаннан бастап елімізде сот-құқықтық реформалардың сәтті жүргізіліп жатқанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Еліміздегі жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформаларды жетілдіре түсу мақсатында Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы №118-VI Заңымен Қылмыстық-процестік кодексіне бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізілді.

Сол заңмен Кодекске «Бұйрықтық іс жүргізу» деп аталатын 13-1 бөлімі енгізіліген.

          Кодекстің 629-1-бабына сәйкес егер жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса;

         -күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе;

         -жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды көздесе;

         -күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбiрленушi, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.

         Сонымен қатар, төменде көрсетілген жағдайларда:

         -қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға;

         -кәмелетке толмаған адамға немесе дене, психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға қатысты, Кодексте көзделген тағы да басқа жағдайларда бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау қолданылмайды.

Онша ауыр емес қылмыстар туралы істер сотқа прокурор арқылы жолданса, қылмыстық теріс қылық туралы істерді анықтама органы прокурорға жібермей-ақ тікелей сотқа жолдайды.

Судья іс сотқа бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде істі ұсынылған материалдар негізінде, сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.

Қылмыстық-процестік кодекстің осы атап көрсетілген жаңа нормалары қылмыстық құқық бұзушылық туралы істердің тез арада шешімін табуына, сонымен қатар бұйрық бойынша іс жүргізу сотталушының ықтиярымен жүргізілетіндіктен айыппұл салу туралы сот үкімінің өз мәнінде мейлінше тез орындалуына ықпал етеді.

Сондықтан бұл норма жоғарыда атап көрсетілген Құқықтық Тұжырымдамадан туындайтын талаптарға толық сәйкес келеді.

 

    Рахиля Мұхамбетқалиева