Алғашқы қазақ заңы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Мемлекетіміздің құқық тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» атты құқықтық жарғылар ерекше орын алды.  Қасым хан 1445 жыл шамасында дүниеге келген. Қазақ Ордасының шаңырағы көтеріліп жаңа ұлыстың біржола орнығуы жолындағы күресті көзімен көруі, текті ұрпақ Қасым сұлтанның өзгелерден озып туған, өзгеше тұрпатты қайраткер ретінде қалыптасуына әсер еткен. Қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата-дәстүрін меңгерген Қасым сұлтан өзінің бар ғұмырын туған халқының болашағына арнады. Ел мұратынан бөтен тілегі, жұрт бақытынан бөтен мүддесі болмаған.Ханның басты мақсаты бейбіт өмір кешу болатын.

Қасым хан алғашқы қазақ заңы - «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Аталған заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы өмірге негізделген заң болды. Сондықтан, ол Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталады.

Қасқа деп қазақ тілінде көшпенділердің тікелей өмірімен тығыз байланысты қасиетті жануар- жылқы малының дәл маңдайына орналасқан ақ теңбілді айтады. Өмірде жиі кездесетін «Жирен қасқа айғыр», «Торы қасқа бие», «Көк қасқа құнан», – деген атаулар қасқа сөзінің қандай мағанада қолданылатын көрсетеді. Осы мағананы негізге алар болсақ«Қасқа жол» деген сөз тіркесі ақ жол, халықты адастырмайтын тура жол, бақытқа жетелейтін сара жол деген мағана білдіреді.

Міне сөздің құдіретін бағалайтын бабаларымыз Қасым ханның қазақ халқының мүддесіне сай шығарылған заңдар жинағын тура жолға, ақ жолға балап “Қасым ханның қасқа жолы” деген қысқа қайырған мазмұны терең атау бергені байқаймыз.
”Қасым ханның қасқа жолы” аталатын бұл көне Жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып тұрмыс-салт ережелерін заңдастырып, жеке адамдар арасындағы ру тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін реттейді. Қасым хан әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеп, тарихқа «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен енген өзі дайындаған конституциялық құжаттың көмегімен ел басқарды. Бұл қазақ ұлтында жасалған тұңғыш заң еді. Заң бес тараудан тұрды. Заңда Құран талптарына қайшы келмейтін қазақи әдет-ғұрып ерекшеліктер сақталып, сол кездегі қазақ жұртының табиғатына сай етіп жасалған болатын. Қазіргі күні кейбір мәтелдер сол заңның тармақтарынан алынған. Қасым хан отырықшы елдердегі тәртіп-заңға ұқсамайтын көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталып кеткен тәртіп орнатты. Қазақ хандығының мемлекеттік негіздері де осы заңда көрініс тапты. 
"Қасым ханның қасқа жолы" деп аталған, халқының ұлттық, әлеуметтік жағдайына сай әдет-ғұрып пен биліктің жаңаша Дала заңының негізін қалаған, өз билігі кезінде Қазақ хандығын сол заманғы ең қуатты елге айналдырған, атақ-даңқына өз халқымен бірге көрші елдер де қанық болған, батырлық пен қайсарлық, кемеңгерлік пен табандылық, мейірім мен дарқандық, адам қызығарлық жан жомартығы сияқты ұлтының асыл қасиеттерін бойына жиған жұрт осы заңмен тәрбиеленген. Бір сөзбен айтқанда, “Қасым ханның қасқа жолы”-қазақ жұртының елдік, ұлттық санасын негіздеуде шешуші қызмет атқарған өзгеше құжат болды.

Қасым хан өз халқының барлық қадір-қасиетін бойына жинаған, ақыл-парасатымен ғана емес, жайсаң мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен де өзгеше тұрпатын танытқан ғажайып тұлға болған. Өз заманында Қасымның жүзін көрген, онымен кездесіп, аз уақыт болсада дидарласқан кісі ғұмыр бойы оның нұрлы жүзін ұмыта алмайтындықтарын айтып кеткен. Қазақ ханының даналығын ғана емес, жомарттығын, кеңдігін, өр мінез тәкаппарлығы мен қоса биязылығына, әдептілігіне тәнті болғандар Қасым ханды қазақ жұртының бақытына туған ерекше тұлға деп бағалаған.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының кеңсе бас маманы А.Б.Жұмағалиева