2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізіледі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Әкімшілік рәсімдердің міндеттері: жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті: жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің жаңалығы:

  1. Соттың белсенді болу қағидаты жүзеге асырылады. Судья  әкімшілік сот ісін жүргізу кезінде «белсенді» және «сөйлейтін» болады, өйткені судья талап қоюшыға (көбіне олар заңнан хабары жоқ азаматтар болып келеді) оның мүддесінің қорғалуына көмектесетін болады. Бұл кезде судьяның белсенділігі кем дегенде үш тұрғыда жүзеге асырылатын болады. Бұл – соттың тараптармен ұсынылған дәлелдемелерді зерделеумен шектеліп қана қоймай, істің дұрыс және заңды шешілуіне қатысты және қажет деп тапқан мән-жайларды анықтау құқығы. Егер тараптар ұсынған дәлелдемелер істің мән-жайын дұрыс анықтауға жеткіліксіз деп тапса, сот өз бастамасымен дәлелдемелер жинауға құқылы. Сонымен қатар, әкімшілік орган дау бойынша өзінің шешімінің немесе әрекеті мен әрекетсіздігінің дұрыстығын өзі дәлелдеуге тиісті, ал тараптар өздерінің келтірген талабы мен қарсы уәждерін дәлелдеуге міндетті.

Жоғарыда келтірілгендерді Кодекстің қағидаларымен нақтылар болсақ, соттың белсенділігі келесідей жүзеге асырылады:

  1. Сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті. Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды.
  2. Әкімшілік процеске қатысушылар сотқа әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдем көрсетуге міндетті.
  3. Сот тараптардың түпкілікті шешім шығару кезінде рұқсат етілетін дәлелдемелердің жарамдылығы туралы арызымен байланысты емес.
  4. Әкімшілік процеске қатысушылар сот талап еткен құжаттарды, сондай-ақ қажетті мәліметтерді беруге міндетті. Сот бұл құжаттарды белгілі бір мерзімге талап ете алады.
  5. Әкімшілік процеске қатысушылар осы құжаттарға өздері сілтеме жасайтын электрондық құжаттарды, құжаттарды не олардан үзінді-көшірмелерді қоса беруге міндетті.
  6. Әкімшілік іске қатысатын адамдар қандай да бір дәлелдемені жоюға немесе жасыруға не дәлелдемелерді алуға мүмкіндік тудырмай немесе оны қиындата отырып, оны зерттеу мен бағалауға өзге тәсілмен кедергі келтіруге құқылы емес. Мұндай жағдайда сот дәлелдеу ауыртпалығын осы Кодекстің 129-бабының екінші бөлігінде белгіленген қағидаларға қарамастан, кедергі келтіруші тарапқа жүктеуі мүмкін.
  7. Сот өзі белгілеген мерзімде дәлелдемелерді ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабардар етілмеген, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот талап еткен дәлелдемені ұсыну міндеті орындалмаған жағдайда, сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
  8. Егер осы құжаттар немесе актілер мазмұнының ашылуы заңмен қорғалатын мүдделерге нұқсан келтірілуі мүмкін болса не олар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қамтитын болса, сот осы құжаттарды немесе актілерді, сондай-ақ мәліметтерді жабық сот отырысында зерттеу туралы ұйғарым шығарады.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде талаптың төрт түрі қаралатын болады:   1) дау айту жөнінде;  2) мәжбүрлеу туралы;  3) әрекет жасау туралы;  4) тану туралы.

Дау айту жөніндегі талап қою бойынша —дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктеледі.

Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша – дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде жауапкерге және өзі үшін қолайлы әкімшілік актінің қабылдануы негізделетін фактілер бөлігінде талап қоюшыға жүктеледі.  Егер жауапкер нақты жағдайда талап қоюшы қалаған әкімшілік актіні шығаруды болғызбайтын іс жүзіндегі шарттардың болуына сілтеме жасаса, мұндай шарттарды дәлелдеу жөніндегі міндет осы жауапкерге жүктеледі.

Әрекет жасау туралы талап қою бойынша – сұратылып отырған әрекет жасаудан (әрекетсіздік танытудан) бас тарту үшін негіз болып табылған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы фактілер бөлігінде талап қоюшы дәлелдеуге міндетті;

Тану туралы талап қою бойынша қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын растайтын фактілер бөлігінде талап қоюшы және бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің, сондай-ақ қандай да бір жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа сыйымдылығын негіздейтін фактілер бөлігінде жауапкер дәлелдеуге міндетті.

Бұл тұрғыда  жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге  ғана сілтеме жасай алады. Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарларын осы фактіні дәлелдеудің ауыртпалығын көтеретін тарап көтереді.

 

Ақтөбе қаласының №3 сотының судьясы  А.Е.Султангалиева