Жұмысшының құқығы қорғалуға тиіс

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

 

            Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес еңбек – адам мен қоғамның өмір сүру және қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті материалдық, рухани және басқа да құндылықтарды жасауға бағытталған адамның қызметі болып табылады.

            Өзінің еңбек  міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды, қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге әсер етуі жұмысшының еңбек қызметіне байланысты  жазатайым оқиғалар болып табылады.

             Жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде алған, оның еңбекке қабілеттіліктен айырылуына әкеп соққан денсаулығының зақымдануы өндірістік жарақаттар деп есептеледі. Бұндай жағдайларда оның өміріне, денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.

            Алайда барлық кезде жұмыс берушінің жауапкершілігі нақтылы орындала бермейді. Жұмыс беруші бұндай жағдайлар орын алған сәтте тиісті тексерулерді жүргізіп, өздерінің кінәларын мойындап, зиянды толық көлемде өтеу үшін шаралар алмайды. Жұмысшы өзінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жұмыс берушінің кінәсін сот арқылы дәлелдеп, зиянды кінәлі тұлғадан өндіру туралы арызбен сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Еңбек дауларының, соның ішінде келтірілген зиянды өндіру жөніндегі істердің,  жалпы сотта қаралатын азаматтық істердің ішіндегі үлесі көп болмағанымен, адамдардың еңбек құқықтарын қорғау мемлекеттің, осы салада қызмет атқаратын органдардың басты міндеті болатындықтан, осы санаттағы істер бойынша заңды және негізді сот шешімін қабылдау үлкен жауапкершілікті талап ететіні даусыз.

          Р деген азамат Т серіктестігінде әртүрлі жұмыстар атқарып жүріп, ауыр ден жарақатын алған. Қызметтік тексеру актісінде Р-дың аталған серіктестікте жұмыс істемегені, құрылыс объектісіне заңсыз кіргені және жазатайым оқиға орын алған кезде оның арақ ішкен мас күйінде болғаны көрсетілген.

         Жұмыс беруші бұл оқиға жөнінде еңбек инспекциясына хабар бермеген, жазатайым оқиғаны тиісті түрде тіркемеген.        

         Алайда істі қарау барысында жоғарыда баяндалғандар жоққа шығарылған, сондықтан оқиғаның өндіріспен байланысты болуы себепті сот шешімімен серіктестікке тиісті Н-1 актісін жасақтау міндеттелген.

         Істі қарау барысында Р-дың осы жазатайым оқиғаның кесірінен тоқсан пайызға еңбекке қабылеттілігін жоғалтқаны, сол себепті бірінші топтағы мүгедек болып қалғаны анықталған. Сонымен қоса, Р-дың осы жұмысқа алынып, он екі күн жұмыс істегені, бірақ жұмыс беруші оны жұмысқа алу жөнінде бұйрық шығармағаны, онымен еңбек шартын жасамағаны белгілі болған. Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жұмыс берушінің кінәсіне байланысты еңбек шарты жасалмаған жағдайда жұмысшының бірінші жұмыс күнінен бастап еңбек шарты жасалған болып табылатынын жұмыс беруші қаперге алмаған. Ал, Р-дың оқиға болған уақытта арақ ішкен мас күйінде болғаны жөнінде ешқандай дәлелдемелер жоқ.  

         Басқа бір іс бойынша да  өндірістік жарақат алған С-ның құқықтары сотпен қорғалды. С деген азамат К компаниясында жұмыс істеп жүріп өндірістік жарақат алған. Қызметтік тексеру актісіне сәйкес осы оқиғаның орын алуына С-ның сексен пайыз, ал, жұмыс берушінің кінәсі жиырма пайыз болып белгіленген. Істі қарау барысында С-ның осы мекемеде отыз жылдан астам жұмыс істейтіні, өзінің қызметтік міндеттерін жақсы білетіні, жазатайым оқиғаның орын алуына оның ешқандай кінәсі болмағаны анықталды.

         Оқиға орнында С-ның қасында ешкім болмаған. С-ның жазатайым оқиғаның орын алуына сексен пайыз кінәсі бар екендігі дәлелденбеген. Керісінше жұмыс берушінің өндірістік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны, С-ның жүк тиеуші машинаны басқаруға құқығы болмаса да оны басқартқаны, жұмысшыға қауіпсіз жағдай жасамағаны дәлелденіп, соттың шешімімен С-ның құқықтары қорғалды.

        Жұмысшының жазатайым оқиғадан қайтыс болған жағдайларда оқиғаның өндіріспен байланыстылығын дәлелдеу қиындайтыны белгілі. Бірақ, соған қарамастан оқиғаны жан-жақты зерделеп, дұрыс баға беру қызметтік тексеру жүргізу жөніндегі комиссияның міндеті болып табылады. Алайда, комиссияның қорытындысы барлық кезде негізді бола бермейді.

         Қ деген азамат Т мекемесінде монтажшы болып еңбек еткен. Қ мекеменің тапсырмасын орындау барысында, белгіленген объектіде жұмысын атқарып жатқан кезде, үшінші тұлға өзінің көлігімен оны қаққан, соның салдарынан Қ есін жимастан ауруханада көз жұмған.

        Осы оқиғаға қатысты Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы Т мекемсін Н-1 актісін толтыруды міндеттеген, алайда жұмыс беруші түрлі себептермен және жазатайым оқиғаның өндіріспен байланысы жоқ деген негізбен нұсқаманы орындамаған.

        Істі қарау барысында көлік жүргізушісі У-дың жол қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын бұзғаны жол көлік оқиғасының орын алуына себеп болған. Алайда, бұл жағдай жұмыс берушіні жауапкершіліктен құтқармайды, өйткені жұмыс берушімен еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмаған, қайталама нұсқау өткізілмеген, яғни жұмыс берушімен қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқама беру және олардың білімдерін тексеру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы ережелері өрескел бұзылған. Осы себепті қайтыс болған азаматтың асыраушысынан айырылған отбасы мүшелерінің құқықтары сотпен қорғалды. 

        Сондықтан, әрбір жұмыс беруші өзінің жұмысшыларының қауіпсіз жағдайда еңбек етулеріне, қолайлы ортада өздерінің міндеттерін атқаруларына толық жағдайлар жасаулары қажет екендіктерін ұмытпаулары тиіс.               

 

 

Азаматтық істер жөніндегі сот

алқасының төрағасы                                                          Н.Примашев