Жаңартылған қылмыстық заңнама — жетілдірудің жолы / Ақтөбе газеті 06.08.2015 ж / Әйтеке би аудандық сотының төрағасы Асхат Әбдіров

Версия для печатиВерсия для печати

 2015 жылғы 1қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында жаңартылған Қылмыстық, Қылмыстық процестік Кодекстер енгізілген, судьялар қазіргі уақытта жаңартылған заңнамаларымен жұмыс жасауда. Бұл заңнамаларда өзгерістер өте көп, оның барлығын атаудың өзі шағын әңгіме ауқымына сыймайтындығы анық. Біз кей бір жайларға ғана тоқталып өткіміз келеді. Соның ішінде қылмыстың жаңа мағынасы, яғни қоғамдық қауіптілігіне байланысты қылмыстар қылмысқа және қылмыстық теріс қылыққа бөлінгені, бұдан басқа процестік келісім, тергеу судьясы деген ұғымдар пайда болғандығын айтуға болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасының 22-қадамында «Адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету» деп осы тың өзгерістер мәні тереңдетіле түседі.

Қылмыстық заңнамаға жасалған өзгерістер — сот төрелігін жақсартуға және оны жандандыруға бағытталған қадам. Осы өзгерістердің ішінде кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімге ерекше назар аудару қажет.

Жасалған процестік келісім шеңберінде қылмыстық істерді тергеп-тексеру мынадай: онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша айыпталушы келтірілген айыптаумен келіскен жағдайда кінәні мойындау туралы мәміле нысанында жүргізіледі. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім айыпталушы процестік келісім жасасуға ерікті түрде ниет білдірген және айыпталушы келтірілген айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанына қолда бар дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпаған жағдайда және процестік келісім жасасуға жәбірленуші келіскен кезде жүзеге асуы мүмкін. Егер жәбірленушілердің ең болмағанда біреуі келіспесе, процестік келісім жасалмайды.

Процестік келісімнін артықшылығы, процестік келісім жасалған мерзімде сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталатындығы және жеңілдетілген тәртібімен істі сотта талқылауы, сонымен қатар процестік келісім жасасуға келісім берген жәбірленушіні залалды өтеу мөлшері туралы талапты одан әрі өзгерту құқығынан айыру болады.

Сотқа кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен түскен қылмыстық істерді қарау барысында, ол істердің ыңғайлылығына және жеңілдігіне судьялардың көздері жетті. Атап айтқанда 2015 жылдың 5 айында Әйтеке би аудандық соты тарапынан кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен түскен үш қылмыстық іс қаралды, екі іс бойынша процестік келісімге сәйкес сотталушыларға жаза тағайындалып, айыптау үкімдері шықты. Бір іс бойынша Қылмыстық процестік Кодекстің 35-бабында саналған мән-жайлар анықталып, іс өндірістен қысқартылды.

Аталған өзгерістер соттың жұмысына жағымды әсер береді, бір жағынан жұмысты жеңілдетеді және сот төрелігінің тиімділігіне жол ашады деп айтуға болады.