Әке болуды сот тәртібімен анықтау және әке (ана) болуды даулау

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

          Қазақстан Республикасының Конституциясының 27- бабына сәйкес, неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті болып табылады.

          Бала құқықтары туралы Конвенцияға сәйкес, бала туылған бетте тіркеуге алынады және туылған сәттен бастап оның есімі қойылып, азаматтық алуға құқығы бар, сондай-ақ мүмкіндігінше өзінің ата-аналарын білуге және олардың қамқорлығына ие болуға құқылы.

         Баланың туған тегін анықтау, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мәселелері «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексімен (бұдан әрі - Кодекс) белгіленіп реттеледі.

Әкелікті анықтау туралы мәселелерді және әкелікті тану фактісін реттейтін құқықтық нормаларды қолдану бойынша түсіндірмелер «Әкелікті тану туралы істер және әкелікті тану фактісі бойынша сот тәжірибесі туралы» 1971 жылғы 30 қыркүйектегі № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысында берілген.

Әке болуды сот тәртібімен анықтау және әке (ана) болуды даулау туралы азаматтық істерді қарау Кодекстің48,51-баптарына сәйкес соттарға тиесілі.

         Кодекстің 48-бабына сай, бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-аналарының бiрлескен өтініші немесе баланың әкесiнiң өтініші болмаған кезде баланың нақты адамнан туу тегi (әкесі) ата-аналарының бiреуiнiң, бала қорғаншысының немесе қамқоршысының өтініші бойынша немесе баланы асырап отырған адамның өтініші бойынша, сондай-ақ бала кәмелетке толған соң оның өз өтініші бойынша сот тәртiбiмен анықталады. Бұл ретте сот баланың нақты адамнан туу тегiн дәйекті түрде растайтын айғақтарды назарға алады.

         Кодекстің51-бабына сәйкес, туу туралы актілер жазбалары кiтабына ата-аналардың жазуы баланың әкесi немесе анасы ретiнде жазылған адамның, iс жүзiнде баланың әкесi немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толған соң оның өзiнiң, баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуi бойынша тек қана сот тәртiбiмен даулануы мүмкiн.Баланың әкесінің өтініші бойынша немесе әке болудың күшін жою туралы сот шешіміне сәйкес әке мен ананың бірлескен өтініші негiзiнде баланың әкесi болып жазылған адамның талабы, егер жазу кезiнде бұл адамға өзінің іс жүзінде баланың әкесi емес екендiгi белгілі болса, мұндай талап қанағаттандырылмауы тиіс.Егер баланың тууы туралы акті жазбасында баланың анасының жұбайы немесе бұрынғы жұбайы баланың әкесі болып көрсетілсе, сот туу туралы актілер жазбасынан баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау туралы мәселені шешкенге дейін тіркеуші орган әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуден жазбаша түрде бас тартуға тиіс.Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға жазбаша түрде келiсiм берген адамдардың әке (ана) болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.Басқа әйелге эмбрионды ауыстырып салуға келiсiм берген адамдардың, сондай-ақ суррогат ананың ана және әке болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ болып табылады.

         Сот әке болуды даулау туралы талапты қараған кезде тараптар ұсынған дәлелдемелерге назар аудара отырып, осы баланың жауапкерден туылғандығын анықтауы тиіс.

Мұндай дәлелдемелер мынадай жайттармен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Біріншіден, ол туғанша баланың анасымен жауапкердің бірге тұруы және ортақ шаруашылық жүргізуі. Аталған факті отбасылық қатынастарға тән жайттардың болуымен расталады: бір тұрғындық үй-жайда өмір сүру, бірлесе тамақтану, бірін-бірі туралы өзара қамқорлық, бірлесе пайдалану үшін мүлік сатып алу және т.с.с. Бала туғанша осындай қатынастарды тоқтату, олар жүктілік басталғанша тоқтатылған кездегі жағдайларды қоспағанда, әкелікті анықтау туралы талап-арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз ретінде қолданыла алмайды.

Екіншіден, баланы бірлесіп тәрбиелеу. Ол бала анасымен және жауапкермен тұратын немесе жауапкер ол туралы ата-ана қамқорлығын көрсететін және назар аударатын кезде орын алады.

Үшіншіден, баланың әкесінің және анасының асырауында болуымен түсіндірілетін баланы бірлесіп асырау немесе жауапкердің осы көмектің көлеміне қарамастан, баланы асырауға жүйелі көмек көрсетуі.

Сот сондай-ақ, жауапкердің әкелігін сенімділікпен растайтын өзге де дәлелдемелерге назар аударады. Оларға жауапкердің хаттары, оның сауалнамалары, өтініштері және жауапкердің әкелігін тануды дәлелдейтін басқа нақтылы деректер жатуы мүмкін. Осындай тану анасының жүктілік кезеңіндегі сияқты, сонымен қатар бала туылған соң да көрсетілуі мүмкін.

         Баланың туу тегімен байланысты мәселелерді шешу қажеттігі жағдайында, сот іс бойынша жайттарды ескере отырып сот-медициналық сараптамасын тағайындай алады.

Соттар, әдетте, сараптамалардың әртүрлі түрлерін, оның ішінде қанның сот-биологиялық сараптамасын да тағайындай отырып, осы мүмкіндікті пайдаланады. Аталған сараптама жуық уақытқа дейін әкелікті болдырмайтын, бірақ оны растамайтын жайттарды ғана көрсете алды. Қазіргі уақытта қан сараптамасы геномды немесе генетикалық дактилоскопия әдісімен жүргізілуі мүмкін. Бұл әдіс жауапкердің әкелігін анықтауға, яғни, оның 99,999 пайыз нәтижелерінің сенімділігімен баланың биологиялық әкесі болып табылады ма деген сұраққа жауап беруге мүмкіндік береді. ДНК – бұл мұралық ақпараттың негізгі тасымалдаушысы болып табылатын, ағзаның барлық жасушаларының өзектерінде болады. Кімнің биологилық әке болып табылатындығын анықтау үшін, анасының, баласының және болжанатын әкесінің ДНК-сына бір мезгілде талдау жүргізіледі. Зерттеуге арналған ДНК-ны қанда болатын лейкоциттер өзегінен бөліп алады. ДНК-ның белгілі бір бөліктерінің құрылымын зерделеу молекулярлық-генетикалық сараптаманың негізінде жатыр.

         Соттарға баланың оның анасымен некеде тұратын әкесі баланы өзінің атына тіркеуден бас тартатын кездегі жағдайларда қарауына жатпайды, себебі, Кодекстің 47-бабының 2-тармағына сәйкес бір-бірімен некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардан туған баланың туу тегі ата-анасының некені (ерлі-зайыптылықты) қию туралы куәлігімен расталады, ал туу жазбалары кітабында тіркеу неке туралы куәлік негізінде олардың кез келгенінің өтініші бойынша жүргізіледі.

Жасалған жазбамен мүдделі тұлға келіспейтін кезде азаматтық хал актілерін жазу органдарының әкелікті дұрыс толтырмау жазбаларын заңсыз деп тану туралы талапарызбен сотқа жүгіне алады.

Соттар әке болуды даулау туралы талап арыздарды қараған кезде, әдетте, қорытындысын іс бойынша жинақталған барлық басқа да дәлелдемелермен жиынтықтап бағалайтын, іс бойынша молекулярлық-генетикалық сараптаманы барлық жағдайларда тағайындайды.

Іс үшін маңызы болатын жайттар арнайы ғылыми білімдер негізінде сарапшы өткізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін кезде әке болуды даулау туралы мәлімделген талапарыздардың ерекшелігін ескере отырып, баланың нақты тұлғадан туғандығын анықтау тұрғысынан әрбір іс бойынша молекулярлық-генетикалық сараптама тағайындау үшін барлық шараларды қабылдау қажет, бұл ретте іс бойынша жинақталған басқа да дәлелдемелермен жиынтықта сарапшының қорытындысын бағалауға берілетіндігі сөзсіз.

Жоғарыда баяндалғандардан, соттың ана мен әке және баланың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратыны көрінеді.   

 

 

 

Ақтөбе қалалық сотының судьясы                                            Е.К.Курманов