Жаңа Азаматтық процестік кодексінің қолдану ерекшеліктері

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

2015 жылдың 31 қаңтарына дейін басшылыққа алынып, қолданылып келген, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі № 411 Заңымен қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V Заңымен күші жойылып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі қолданысқа енгізілді.

Аталған кодекстің қабылдануы уақыт талабы болды, өйткені заман еліміздің әлеуметтік, құқықтық дамыған мемлекеттер қатарына қосылу үшін қолданыстағы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талап етті.

Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін 59 жаңа заңнамалық акт қабылдау қажеттігін, Азаматтық-процестік кодекс осы заңдардың он жетіншісі екенін Елбасы атап өткен болатын.

Соның негізінде, азаматтық сот жүргізу ісінде ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндігі кеңейді.

Осы бағыт аясында сот отырыстарын тіркеп-көрсету міндетті болды, барлық тарап оның жазба көшірмесін ала алады. Бұл жағдай сот жұмысының анықтығын айтарлықтай арттырды. Сондықтан, кодекстің азаматтардың конституциялық құқығын қорғауда ғана емес, жалпы құқық саласын түбегейлі жақсартуда тиімді болды.                  

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексінің басты өзгерістері тізбегін атап өте келе, сот іс жүргізу деңгейін арттыруда, азаматтардың сот төрелігі арқылы барша мәселелерін құқық аясында шешуі, құқықтары мен бостандықтарын дереу және заң шеңберінде қорғай алуына бағытталған мемлекет тарапынан жасалған нақты қадам деуге болады.

Басты өзгерісі ретінде алдымен тұлғаның сотқа талап қою, яғни арыз беруі бойынша құқықтарының шеңбері кеңейтіліп, қағаз арқылы арыз берумен қатар электронды түрде арыз беру тәсілі де заңдастырылған.

Алайда, егер істердің белгілі бір санаты үшін дауды сотқа дейін реттеу тәртібі заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, сотқа жүгіну осы тәртіп сақталғаннан кейін мүмкін болады.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы соттардың жиі қолданатын нормалары қатарында тапсырма бойынша өкілдік етуде, өкілдің процестік өкілеттіктері тиісті түрде ресімделген сенімхатпен расталады деп бекітілген, алайда күші жойылған кодексте бұл норма көрсетілмеген.

Жаңа кодекстің 59-бабының 1,2,3-тармақтарының талаптары бойынша сотта өкіл бола алмайтын тұлғаларға қатысты сот ұйғарым шығару арқылы іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша іске қатысудан шеттетеді. Сонымен қатар, психикалық денсаулық жағдайына не жасына байланысты және басқа да себептер бойынша өз бетінше өкілдікті жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаса, тапсырма бойынша өкіл бола алмайды делінген.

Жалпы бірінші сатыдағы сот өндірісінде жиі қолданылатын құқықтық нормалар санатында күші жойылған кодекстің 152-бабына сәйкес судья талап арыз түскен күннен бастап бес күн мерзімде оны сот ісін жүргізу үшін қабылдау туралы мәселені шешетін, ал жаңа кодекстің 150-бабына сәйкес судья талап қою арызы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді деп көрсетілген.

Демек, заңшығарушы кодекстің жаңа мәтінінде соттың талап қоюды қабылдау мерзімдерін нақты жұмыс күндерімен есептеген.

Бұдан өзге, күші жойылған кодекстің 167-бабында көрсетілген азаматтық істерді сот талқылауына әзірлеу, егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізілу керек деген норма жаңа кодекстің 164-бабына сәйкес, он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс деп нақты көрсетілген.

Яғни, бұл нормадада заңшығарушы сот өндірісін аптаның нақты жұмыс күндеріне қойып отыр. Осы ретте заңға енгізілген өзгерістер оңтайлы түрде деп айтуға болады.

Күші жойылған кодекстің 334-бабының 3-тармағында көрсетілген апелляциялық шағым, наразылық, сот шығарған шешімнің көшірмелері тапсырылған күннен бастап он бес күн ішінде жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі (келтірілуі) мүмкін деп көрсетілген.

Алайда, жаңа кодекстің 403-бабының 3-тармақшасында бір ай ішінде беруі мүмкін деп анықталған.

Міне, осындай мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған іс-шаралардың мақсаты Азаматтық процестік кодекске енгізілген жаңашылдықтар және олардың әділетті сот төрелігін қамтамасыз етудегі алар орнының маңыздылығы деуге болады.

Келесі кезекте кодексте соттарда қаралатын даулардың санын қысқарту, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, татуласу рәсімдері мен медиация институтын дамыту сияқты маңызды мәселелер өз шешімдерін тапты деп бағалауға болады.

Әсіресе, дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібі, сот отырысы кезіндегі татуласу рәсімдері туралы қағидалар тиімді қолданылған.

Жаңа процестік кодекс тараптарға дауларды сотқа дейін реттеуге, осы дауды қысқа мерзім ішінде, аз материалдық және моральдық шығындармен шешуге мүмкіндік береді.

Сол сияқты Заңда даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттелген жағдайда қолданылатын талаптарды ынталандыру шаралары көрсетілген.

Дауларды сотқа дейін және сот отырысы кезінде реттеудің процессуалдық жолдары ретінде Заңда: татуластыру рәсімдері (жеке тарау), медиаторлардың қатысуымен және сот жүргізетін медиацияны қолдану, тараптар және адвокаттардың қатысуымен партисипативтік рәсімдерді қолдану қағидалары қарастырылған.

Сонымен қатар, азаматтық дауларды жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қараудың қағидалары толықтырылып, бұйрық шығару және жазбаша іс жүргізу арқылы кейбір санаттағы істерді шешудің жолдары өз шешімін тапқан.

Басты жаңалықтардың бірі ретінде инвестициялық қатынастардан туындайтын дауларды қараудың құқықтық негіздері анықталып, аталған дауларды бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша Астана қалалық сотының, ал ірі инвесторлардың қатысуымен Жоғары Соттың мамандандырылған алқасында қараудың тәртіптері реттелді.

Қазіргі уақытта республиканың сот жүйесінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі - электрондық сот төрелігін дамыту мәселесі болып табылады.

Қолжетімділік, ашықтық және жариялылық сияқты демократиялық принциптерге негізделген халықаралық талаптарға қол жеткізудің бірден-бір жолы ретінде электрондық сот төрелігін мемлекетіміздің барлық аймақтарындағы соттардың жұмыстарына енгізу үшін айтарлықтай ұйымдастыру шаралары қолданылып жатқанын атап өту қажет.

Қазіргі уақытта Қазақстан жұртының әділ сот жүйесіне деген сенімі күннен-күнге артып келеді.

Республикамызда атқарылып жатқан ауқымды шаралар бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттің беделін көтеруге бағытталып отыр.

Елбасының тапсырмасын орындауда Жоғарғы Сот тарапынан дайындалған жаңа мәтіндегі Азаматтық процестік кодекстің нормалары алдағы межелеген азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту бойынша мемлекет тапсырмасын орындауда нақты жасаған қадам деп санауға болады. Оның басты мақсаты Қазақстанның әлемдегі  дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсаты болып табылады.

Азаматтық процестік кодекс мемлекетіміздің әр азаматының конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға бағытталған маңызды заң актісі болып табылады. Сол себепті Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексі қоғамдағы азаматтық дауларды реттеуге және ел тұрғындарының құқықтық ой-өрісін көтеруге бағытталған деп айтуға нақты сенім бар. 

         Қазіргі таңда қолданыстағы  Азаматтық процестік  кодекс азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуде және құқық үстемдігін оңтайландыру бағытында жеткілікті деңгейдегі тиімділігін көрсетуде.

 

 

Төленов Жұманәлі Сағатбекұлы

Ақтөбе облыстық сотының судьясы