Қылмыстық істі алқабидің қатысуымен қарау / Ырғыз газеті №37 (7822) 21.07.2015 ж /Ырғыз аудандық сотының судьясы С.Махамбетов

Версия для печатиВерсия для печати

Өткен 7-ші Астана экономикалық форумында, біздің Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев «Бес институциональдық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадамды» атап көрсетті. Аталған жоспардың бір қадамы болып табылатын сот жүйесіне де аз көңіл бөлінбеген. Соның ішінде осы жоспардың 21 қадамы алқабилерді қолдану аумағын кенейту алқабилердің қатысуы міндетті болатын қылмыстық істердің санатын заңдастыру ұйғарымдары.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды алып тастағанда, оларды жасағаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істер, айыпталушыдан істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш түскен жағдайда, алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта (бұдан әрі - соттар) қаралады.

Адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) бірнеше баптарында көрсетілген қылмыстарды жасады деп айып тағылған жағдайда, олардың ішінде біреуі ҚПК-нің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды алып тастағанда, оларды жасағаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыс болса және ол қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш мәлімделсе, сондай-ақ егер оны жасағаны үшін ҚПК-нің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды алып тастағанда, қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыс жасады деп бірнеше адам айыпталса және олардың ең болмағанда біреуі қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш мәлімдесе, оларға қатысты қылмыстық істі қарау ҚПК-нің 14-бөлімінде көрсетілген қағидалар бойынша жүргізіледі.

 ҚПК-нің 634-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, істiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде, сондай-ақ келесi кезеңде де, оның iшiнде сотта iстi алдын ала тыңдауда, бiрақ сот басты сот талқылауын тағайындау туралы шешімді қабылдағанға дейiн күдіктінің, айыпталушының iстi сотта алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат мәлiмдеуге құқығы бар.
       ҚПК-нің 297-бабына сәйкес, күдікті, айыпталушы қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті ауызша да, жазбаша да беруге құқылы.
           Егер күдікті, айыпталушы қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті ауызша мәлімдесе, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам оның мазмұнын іс материалдарымен таныстыру хаттамасына енгізеді. Жазбаша өтініштің түскені туралы хаттамада көрсетіледі және өтініш іске тіркеледі.

Қылмыстық істі прокурорға жіберу, айыпталушыны сотқа беру кезінде мәлімделген өтінішті күдікті, айыпталушы жазбаша түрде береді және ол қылмыстық істі қарайтын сотқа дереу жіберіледі.

Істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы күдіктінің, айыпталушының өтінішхаты болуына немесе болмауына қарамастан ҚПК-нің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тыңдауды өткізу міндетті болғандықтан, оны өткізу барысында мұндай өтінішхат болған жағдайда, судья сотталуышыдан оның өз өтінішхатын қолдайтындығы туралы сұрайды. Мұндай өтінішхат болмаған жағдайда, судья сотталушыға істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатты тікелей осы сот отырысында мәлімдеуге оның құқығы бар екендігін түсіндіреді.
            Сотталушы өз өтінішін растаған жағдайда немесе осындай өтініш алдын ала тыңдау барысында мәлімделсе, судья сотталушыға алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің құқықтық салдарымен қоса сот актілеріне шағым жасау ерекшеліктерін де түсіндіруге міндетті.

 Судья қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті қанағаттандыру туралы шешімді істі алдын ала тыңдаудың қорытындылары туралы шығарылған қаулыда көрсетеді.

 Судья істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.

Алқабиге Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу жөніндегі өкілеттіктер берілген. 
         Қазақстан Республикасының алқабилері тең мәртебеге ие.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне: алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған; өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар; сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi; наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен: қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар; өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар; алпыс бес жастан асқан адамдар; дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады.

Алқаби ретiнде қылмыстық сот iсін жүргiзуге қатысу үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен іріктелген адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды: 
      "Алқабидің міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерімді адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелерді, дәлелдерді, істің мән-жайын назарыма алуға, ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзімнің ішкі нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемін". Алқаби "Ант етемiн" деген сөздердi айтумен антты қабылдауын растайды.

Алқабиге мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

Алқаби сотта өз мiндеттерiн атқарған кезеңде оған судьялардың тәуелсiздiгiне заңдарда белгіленген кепiлдiктер қолданылады. Сотта мiндеттерiн атқару кезiнде алқабидiң тәуелсiздiгi: 1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен; 2) сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу бойынша алқабидiң қызметiне кiмнiң болса да араласуына жауаптылық қаупi арқылы тыйым салумен қамтамасыз етiледi.

 Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық iстi жүргiзетiн орган, егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.

Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.

Алқабилер институтын қалыптастыру судьялармен бірге алқабилердің де ашықтығын, жариялылығын және тәуелсіздігін көрсету болып табылады.

Сонымен бірге жалпыәлемдік заманауи және құқықтық стандарттарына сәйкес келетіндігін көрсетеді.