МЕДИАЦИЯ КӨМЕККЕ!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Көп жағдайларда біздің көңіл күйіміз біз үшін өте маңызды сұрақтарды шешуде тыншымайтыны анық.  Кей сәттерде адамдар әртүрлі себептерге байланысты бір-бірімен сөйлесе де алмайды. «Өз беделін сақтап қалуға тырысу» оларды келісімге келуге немесе жай ғана бір-бірінен кешірім сұрауға, бірінші болып қадам жасауға жібермейді. Өзара реніштер қарым-қатынасты қиындатады, кей кезде тіптен тоқтатады. Міне  осындай жағдайда медиаторға жүгінген абзал. Медиатор – ол қорғаншы емес, айыптаушы емес, төреші емес, кеңесші емес, ақылшы емес және ақпараттың тасымалшысы емес, ол тәуелсіз, дауға қатысы жоқ, даудың тараптарымен таңдалып алынатын, оларға дауды өзара шешуге көмектесетін  жеке тұлға. Медиация - жақтардың арасында даудың (таластың)   медиатордың  араласуымен ортақ ұтымды шешімге ерікті өзара келісім арқылы  реттелетін рәсімі.

2011 жылдың 05 тамызынан Қазақстанда ҚР «Медиация туралы» заңы  әрекет етеді.

Осы ретте аталмыш заңға сәйкес, Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған Г. және С.  қатысты қылмыстық іс қаралды. Жоғарыда көрсетілген жасөспірімдер 2014 жылдың 01 қаңтарында Алға қаласында, "Руслан" атты дүкеннен азық-түлік өнімдерін ұрлап  оқиға болған орыннан бой тасалаған. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленуші Б.-ға 111 431 теңге материалдық шығын келген.

Сот отырысында жәбірленуші сотталушылармен медиация арқылы татуласуына орай, келтірілген материалдық залал ақшалай, моральдық залал кешірім сұрау арқылы  өтелгендігін, сотталушыларға қояр талап-тілегінің жоқтығын айтып қылмыстық істі қысқартуды сұрады, сондай-ақ, «Медиация және бітімгершілік орталығы»  медиаторы С.Ш.Тулькубаеваның қатысуымен 19 ақпан 2014 жылғы куәландырылған медиативтік келісімді ұсынды.

Кәмелетке толмаған сотталушылар  Г. және С. кінәларын мойындап, істеген әрекеттеріне өкініп, жәбірленушімен медиация арқылы татуласуларына және келтірілген залалдарды толық көлемде өтеулеріне байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады.

Жәбірленушінің, кәмелетке толмаған сотталушылардың  қылмыстық істі медиация арқылы бітімге келулеріне орай қысқарту туралы өтінімдері сотпен қанағаттандырылып, қылмыс іс өндірістен қысқартылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.  

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі