Іс әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Хромтау аудандық соты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462-бабының 3-бөлімі бойынша «А. негізгі мектебі» КММ-сінің директоры міндетін атқарушысы М-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, Хромтау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің 16.03.2017 жылғы ұйғарымымен  шатыр үй-жайларының ағаш конструкцияларының өрттен қорғау өңдеу жұмыстарын жасату, мектеп ғимаратында жобада көзделген найзағайдан қорғайтын ақаусыз құрылғылармен жабдықталу, жерге қосатын құрылғысының электрлік кедергісін өлшеу өткізу және актімен рәсімделу деген кемшіліктерді жою тапсырылған.

25.05.2017 жылы бақылау тексеру кезінде жоғарыда көрсетілген кемшіліктер жойылмағаны анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сот отырысында М. көрсетілген кемшіліктерді жою үшін қаржы қажет екенін, мектептің өз бухгалтериясы жоқ екенін, сондықтан Хромтау аудандық білім бөліміне жазбаша сұраныстармен жүгінгенін, алайда қаражаттың жоқтығынан кемшіліктер жойылмағанын көрсетті. М.-ның сөздері іске тіркелген сұраныстармен дәлелденеді.

Сот  «А. негізгі мектебі» КММ-нің өзінде дара бухгалтерияның жоқ болуына және мектеп өзін қаржыландырмайтынына байланысты Хромтау ауданының төтенше жағдайлар бөлімімен анықталған кемшіліктерді жою үшін «Хромтау ауданы білім бөлімі» ММ-сі қаражат бөлуге міндетті деген тұжырымға келіп, М.-ға қатысты  Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462-бабының 3-бөлімімен қозғалған әкімшілік ісін оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

 

Қайнар: 
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі