Ақтөбе қалалық сотында медиативтік келісім бекітілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе қалалық сотында кәмелетке толмаған қызының мүдделерін қорғау мақсатында әрекет ететін талап қоюшы М.-нің жауапкер «К.-А.» АҚ-дан 5 000 000 теңге көлемінде моральдық залал, 50 000 теңге көлемінде өкілдік шығындар, 1 135 теңге көлемінде мемлекеттік бажды өндіру туралы талап қою арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы М. өндірісте қаза болған М.-мен заңды неке құрған, берілген некеден 2013 жылы туылған ортақ қызы бар. 2016 жылғы желтоқсанда талап қоюшының жұбайы М. өзіне жүктелген еңбек міндеттемелерін атқару барысында өндірісте жазатайым оқиға нәтижесінде қаза болды. Оқиға нәтижесінде сығымдаушы М. құрылғылардың арасында қысылып қалып, тез арада көз жұмды. Жазатайым оқиғаға қатысты жасақталған арнайы тексеру актісіне сәйкес, жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесі – 80%, жұмысшының кінәсінің дәрежесі – 20%-ды құрады. 

Талап қоюшының тұрақты жұмыс ретінде кіріс көзі болмағандықтан, өз заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгінді.

Сот ұйғарымымен азаматтық іске қатысты медиативтік келісім бекітіліп, оның шарттары бойынша жауапкер «К.-А.» АҚ талапкер М. пайдасына 2017 жылғы қыркүйекке дейін 2 300 000 теңге көлемінде моральдық залал төлеуге міндеттенеді. Талап қоюшы, өз кезегінде, талап қою арызынан бас тартады. Талап қоюшыға 1 930 теңге көлемінде төленген мемлекеттік баж қайтарылады.

Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі