Судьялыққа кандидаттарға арналған ЖАДЫНАМА

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыPDFPDF

Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

         Аудандық соттың судьясы болып:

1) жиырма бес жасқа толған;

2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

 

Судьялыққа біліктілік емтиханын тапсыру үшін

қажетті құжаттар тізбесі

 

         Судья қызметіне біліктілік емтиханын қабылдау туралы өтінішті өтініш беруші Комиссияға қолма-қол тапсырады немесе тапсырысты хатпен 010000, Астана қаласы, Есілдің сол жақ жағалуы, Орынбор көшесі 8, Министрліктер үйі, 1В кіреберіс, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі мекенжайы бойынша жібереді.

Өтінішке мынадай құжаттар бір данада қоса берілуге тиіс:

1)    4,0 х 6,0 см. көлеміндегі фотосуреті бар кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақ;

2)    өмірбаян (қолтаңбасы мен күні қойылып, өз қолымен, түсінікті және ұқыпты жазылады);

3)    еңбек кітапшасының нотариалды куәландырылған көшірмесі. (әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, оның ішінде бұрынғы қызметкерлері үшін еңбек кітапшасының көшірмесімен бірге – кадр қызметі куәландырған қызметтік тізімінің көшірмесі), ал құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан қызметтен босатылған жағдайда – құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан және әскери қызметтен босату туралы бұйрықтардан үзінділер;

4)    жоғары заңгерлік білімі туралы дипломның және оған қосымшаның нотариалды куәландырылған көшірмелері;

5)    бірінші басшы не оның міндетін атқарушы тұлға қол қойған, ұйымның мөрімен бекітілген қызметтік мінездеме. Мінездемеге оның берілген күні мен шығыс тіркеу нөмірі қойылады. Дәлелді себептер бойынша мінездеме ұсыну мүмкін болмаған жағдайда жазбаша түсініктеме ұсынылады;

6)    денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама (№ 086 нысан), сондай-ақ Астана, Алматы қалаларының, облыстардың тиісті психика-неврологиялық және наркологиялық диспансерлері берген анықтамалар;

7)    жеке куәліктің көшірмесі.

Осы тармақтың 1), 2), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттар олар берілген немесе жасалған күннен бастап бір жыл бойы жарамды болып табылады, бірақ шындыққа сай келетін кандидат туралы мәліметтерді міндетті түрде қамтуға қажет.

         Құжаттарды ресімдеу кезінде қандай да бір бүлінулерге және  түзетулерге жол берілмейді.

Құжаттарда көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығы үшін оларды жасаушыларға жауапкершілік жүктеледі.

Құжаттарды ресімдеу бойынша жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған не олар толық болмаған жағдайда материалдар өтініш тапсырған адамға кері қайтарылады.

         Біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат берілген және Комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етілген адамдар ол өткенге дейін Комиссияға дәлелді себептерді көрсете отырып, емтихан тапсыру мерзімін ауыстыру туралы өтініш ұсына алады.

         Біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат етілгенемтихан тапсыруға дәлелді себептерсіз екі рет келмеген және емтихан мерзімін ауыстыру туралы өтініш білдірмеген адамдарға құжаттары кері қайтарылады және емтиханды қайта тапсыруға рұқсат оларға кемінде бір жыл өткеннен кейін беріледі.

 

Судьялыққа кандидаттардың біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі үш кезеңнен тұрады

 

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін компьютерлік тестілеу;

2) үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін сот практикасынан нақты жағдайларды бейнелейтін емтихан билеттері бойынша тексеру;

3) психологиялық тестілеу.

 

Компьютерлік тестілеу

Заңнаманы білуін компьютерлік тестілеу келесі құқық салалары бойынша 100 сұрақтан тұрады:

1.   Конституциялық құқық – 14 сұрақ;

2.   Әкімшілік құқық– 28 сұрақ (материалдық және процестік);

3.   Азаматтық құқық– 15 сұрақ;

4.   Азаматтық процестік құқық – 14 сұрақ;

5.   Қылмыстық құқық – 15 сұрақ;

6.   Қылмыстық-процестік құқық– 14 сұрақ.

 

Конституциялық құқық:

 

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын кім сайлайды:

-     Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат;

-     Қазақстан Республикасының Парламенті;

-     Президенттің ұсынуымен Парламент Мәжілісі

 

Қылмыстық-процестік құқық:

 

Прокурордың жеке айыптау iстерi бойынша мемлекеттік айыптаушы ретiнде бас сот талқылауына қатысуы мiндеттi ме:

-     жоқ, міндетті емес;

-     иә, міндетті;

-     егер іске адвокат қатысса, міндетті

 

Азаматтық процестік құқық:

 

ҚР АІЖК-ге сәйкес тараптардың сот жарыссөздерінде сөз сөйлеу тәртібі:

-     алдымен талап қоюшы және оның өкілі, ал содан соң - жауапкер мен оның өкілі;

-   алдымен жауапкер және оның өкілі, ал содан соң  талап қоюшы және оның өкілі;

-   Соттың қалауы бойынша

 

Әкімшілік құқық:

 

Көлік құралын басқару құқығынан айырудың ең ұзақ мерзімі:

-  он жылға дейін;

-  бір жылдан артық болмауы керек;

-  алты айдан артық болмауы керек

 

Азаматтық құқық:

 

Адам ауыр мән-жайлардың туындау салдарынан жасауға мәжбүр болған мәміле:

-  кіріптарлық мәміле;

-  жалған мәміле;

-  қулықпен жасалған мәміле

 

Қылмыстық құқық:

 

Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық:

-  бiр пиғылмен және бiр мақсатпен ұштасып, тұтас алғанда бiр қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын, құқыққа қарсы бiрқатар бiрдей іс-әрекеттерден тұрады;

-  қасақана жасалған бірқатар ұқсас құқыққа қарсы әрекеттерден тұрады;

-  белгілі бір уақытта жасалған бірқатар әртүрлі құқыққа қарсы әрекеттерден тұрады.

 

Ауызша емтихан

 

Үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін тексеру ауызша әңгімелесу нысанында жүргізіледі, барлығы 50 билет әзірленді, емтихан билеті үш практикалық тапсырмадан тұрады, олардың мақсаты қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық, сондай-ақ процестік заңнама бойынша үміткердің білімін анықтау болып табылады.

 

Ауызша емтихан билеттерінің үлгі тапсырмалары:

 

Азаматтық және азаматтық процестік құқық:

Ерлі-зайыпты Ибрагимовтар некелерін бұзбақшы болады және жазбаша келісімге келеді, оның шарты бойынша Ибрагимов пәтерді бөлуді талап етпейді, Астана қаласынан кетеді және анасымен Алматы қаласында тұрғылықты тұрады. Ал Ибрагимова болса, өз жадынан, олардың қызы - бірінші курстың студенті институттағы оқуын аяқтағанға дейін Ибрагимова жаңа неке құрмайды деп міндеттеме алады. Осы келісімді нотариалдық түрде куәлендіру үшін Ибрагимовтар нотариусқа барады. Нотариус ерлі-зайыптылардың келісімін куәлендіруден бас тартады, себебі ол заңнамаға қайшы келеді. Ибрагимовтар нотариустің әрекеттеріне сотқа шағым береді.

Сұрақ: Сот қандай шешім қабылдауы керек?

 

Қылмыстық және қылмыстық-процестік құқық:

Бақтығараев және оның әйелі кешкі сағат 22.00-нің шамасында өз көлігімен саябақтан қайтып келе жатқан. Кенеттен қараңғыда қолын көтерген адамды және оның жанында жол жиегінде жатқан басқа біреудің сұлбасын көрінген. Бейтаныс адам жол оқиғасынан зардап шегушіні ауруханаға жеткізіп салуды өтініп ерлі-зайыптылардан көмек сұраған. Алайда ерлі-зайыптылар зардап шегушінің қаны машинаның орындығын былғайды дегенді желеу етіп көмек көрсетпей, оқиға орнынан кетіп қалған. Бірнеше күннен кейін Бақтығараев полиция бөлімшесіне шақырылған және  оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегендіктен жол жиегінде қалған адамның қайтыс болғаны хабарланған. Бақтығараевқа қатысты ҚК-тің 119-бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша жауапқа тарту туралы қылмыстық іс қозғалған.

Сұрақ: Бақтығараевты қылмыстық жауаптылыққа тартуға бола ма? (ҚК-тің 119-бабын талдап көріңіз).

 

Әкімшілік құқық:

Азаматша Иманова тұрғылықты жері бойынша Петропавл қаласында тіркелген, өзі баласымен бірге Алматы қаласында ауырып жатқан апасының үйінде уақытша тұрып жатты. Жоғалтқан жеке куәлігін қалпына келтіру арызымен Алматы қаласының ішкі істер органдарына жүгінген. Алайда, Алматы қаласының ішкі істер органдары оның арызын қабылдаудан бас тартып, тұрғылықты тіркелген жері бойынша жүгінуді ұсынды. Сонымен, азаматша Имановаға жеке куәлігін алу үшін Петропавл қаласына бару қажет, ал оның жолға шығуға ақшасы жоқ.

Сұрақ: Ішкі істер органының азаматша Имановаға жеке куәлігін қалпына келтіру арызын қабылдаудан бас тартуы заңды ма?

 

Психологиялық тестілеу

 

Психологиялық тестілеу екі кезеңнен тұрады:

-     үш топ сұрақтар ұсынылады, берілген жауаптар ішінен бір жауап таңдалатын тестілеу (1-топ – 105 сұрақ, 2-топ – 71 сұрақ, 3-топ – 33 сұрақ);

-     компьютерлік тестілеу (түрлі түсті тест).

Психологиялық тестілеу нәтижелерінің шекті мәні жоқ.

 

Судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырған адамдары полиграфологиялық зерттеу

Судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырған адамдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 сәуірдегі                   № 191 қаулысымен бекітілген Полиграфологиялық зерттеуден өту қағидаларына сәйкес полиграфологиялық зерттеуден өтеді.

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің аппараты оларға тиісті жолдама береді, жолдаманы алу үшін олар өзімен бірге жеке куәлігі мен 3,0 х 4,0 см. фотосуретін әкелуге тиіс.

 

Пікірлер мен ұсыныстар