Судьялыққа біліктілік емтиханының үлгі сұрақтары

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХатпен жіберуХатпен жіберуPDFPDF

Конституциялық құқық:

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын кім сайлайды:

-     Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат;

-     Қазақстан Республикасының Парламенті;

-     Президенттің ұсынуымен Парламент Мәжілісі

 

Қылмыстық-процестік құқық:

Прокурордың жеке айыптау iстерi бойынша мемлекеттік айыптаушы ретiнде бас сот талқылауына қатысуы мiндеттi ме:

-     жоқ, міндетті емес;

-     иә, міндетті;

-     егер іске адвокат қатысса, міндетті

 

Азаматтық процестік құқық:

ҚР АІЖК-ге сәйкес тараптардың сот жарыссөздерінде сөз сөйлеу тәртібі:

-     алдымен талап қоюшы және оның өкілі, ал содан соң - жауапкер мен оның өкілі;

-   алдымен жауапкер және оның өкілі, ал содан соң  талап қоюшы және оның өкілі;

-   Соттың қалауы бойынша

 

Әкімшілік құқық:

Көлік құралын басқару құқығынан айырудың ең ұзақ мерзімі:

-  он жылға дейін;

-  бір жылдан артық болмауы керек;

-  алты айдан артық болмауы керек

 

Азаматтық құқық:

Адам ауыр мән-жайлардың туындау салдарынан жасауға мәжбүр болған мәміле:

-  кіріптарлық мәміле;

-  жалған мәміле;

-  қулықпен жасалған мәміле

 

Қылмыстық құқық:

Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық:

-  бiр пиғылмен және бiр мақсатпен ұштасып, тұтас алғанда бiр қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын, құқыққа қарсы бiрқатар бiрдей іс-әрекеттерден тұрады;

-  қасақана жасалған бірқатар ұқсас құқыққа қарсы әрекеттерден тұрады;

-  белгілі бір уақытта жасалған бірқатар әртүрлі құқыққа қарсы әрекеттерден тұрады.

 

Ауызша емтихан

Үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін тексеру ауызша әңгімелесу нысанында жүргізіледі, барлығы 50 билет әзірленді, емтихан билеті үш практикалық тапсырмадан тұрады, олардың мақсаты қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық, сондай-ақ процестік заңнама бойынша үміткердің білімін анықтау болып табылады.

 Ауызша емтихан билеттерінің үлгі тапсырмалары:

 

Азаматтық және азаматтық процестік құқық:

Ерлі-зайыпты Ибрагимовтар некелерін бұзбақшы болады және жазбаша келісімге келеді, оның шарты бойынша Ибрагимов пәтерді бөлуді талап етпейді, Астана қаласынан кетеді және анасымен Алматы қаласында тұрғылықты тұрады. Ал Ибрагимова болса, өз жадынан, олардың қызы - бірінші курстың студенті институттағы оқуын аяқтағанға дейін Ибрагимова жаңа неке құрмайды деп міндеттеме алады. Осы келісімді нотариалдық түрде куәлендіру үшін Ибрагимовтар нотариусқа барады. Нотариус ерлі-зайыптылардың келісімін куәлендіруден бас тартады, себебі ол заңнамаға қайшы келеді. Ибрагимовтар нотариустің әрекеттеріне сотқа шағым береді.

Сұрақ: Сот қандай шешім қабылдауы керек?

 

Қылмыстық және қылмыстық-процестік құқық:

Бақтығараев және оның әйелі кешкі сағат 22.00-нің шамасында өз көлігімен саябақтан қайтып келе жатқан. Кенеттен қараңғыда қолын көтерген адамды және оның жанында жол жиегінде жатқан басқа біреудің сұлбасын көрінген. Бейтаныс адам жол оқиғасынан зардап шегушіні ауруханаға жеткізіп салуды өтініп ерлі-зайыптылардан көмек сұраған. Алайда ерлі-зайыптылар зардап шегушінің қаны машинаның орындығын былғайды дегенді желеу етіп көмек көрсетпей, оқиға орнынан кетіп қалған. Бірнеше күннен кейін Бақтығараев полиция бөлімшесіне шақырылған және  оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегендіктен жол жиегінде қалған адамның қайтыс болғаны хабарланған. Бақтығараевқа қатысты ҚК-тің 119-бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша жауапқа тарту туралы қылмыстық іс қозғалған.

Сұрақ: Бақтығараевты қылмыстық жауаптылыққа тартуға бола ма? (ҚК-тің 119-бабын талдап көріңіз).

 

Әкімшілік құқық:

Азаматша Иманова тұрғылықты жері бойынша Петропавл қаласында тіркелген, өзі баласымен бірге Алматы қаласында ауырып жатқан апасының үйінде уақытша тұрып жатты. Жоғалтқан жеке куәлігін қалпына келтіру арызымен Алматы қаласының ішкі істер органдарына жүгінген. Алайда, Алматы қаласының ішкі істер органдары оның арызын қабылдаудан бас тартып, тұрғылықты тіркелген жері бойынша жүгінуді ұсынды. Сонымен, азаматша Имановаға жеке куәлігін алу үшін Петропавл қаласына бару қажет, ал оның жолға шығуға ақшасы жоқ.

Сұрақ: Ішкі істер органының азаматша Имановаға жеке куәлігін қалпына келтіру арызын қабылдаудан бас тартуы заңды ма?

 

Пікірлер мен ұсыныстар