Судьялар мен сот қызметкерлерінің мақалалары

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыPDFPDF

Қазақ даласындағы құқықтық ережелер

(Қазақ хандығының 550 жылдығы)

         Осы жылы республикалық көлемде аталынып өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ даласында құқықтық ережелердің қалыптасуына тоқтала кетсек.
Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билер белсенді ықпал етті. Шын мәніндегі би атанған кісілер – қазақ халқының тарихында қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлғалар, өз заманында халық би деп танығандар – шешендігі мен әділдігі зор қоғам қайраткерлері еді.

Билердің тарихи тұлғасы хандар тарихымен етене екендігі белгілі. Хандықтағы билер кеңесінің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауынсыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шеше алмаған. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер кеңесі атқарған. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын қарастырған зерттеушілердің көбісі билер институтын хандық және сұлтандық институттардан кейінгі үшінші орынға қояды. Билер кеңесі ханның қызметіндегі кейбір мәселелер бойынша таласқа түсіп, оны қайта қарауға құқылы болды. Дәстүр бойынша хандық билік мұрагерлік жолмен беріліп отырса да (оның өзінде халық ақ киізге көтеріп сайлауы тиіс), мемлекеттік маңызды мәселелер билер кеңесісіз шешілмеген. Біз бұдан қазақ даласында атам заманнан ақ билік бөлінісі принципінің болғанын көреміз. Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген. Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Дегенмен, билердің атқаратын қызметі негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды.

Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.

Тарихи деректерге сүйене отырып, зерттеушілер қазақ билерінің іс қарауы қоғамдық іс-шара ретінде қаралып, қандай дау болса да билердің шешімі бүкіл жұртшылықты қанағаттандырғанын көрсетеді. Жалпытанылған пікір бойынша билер сотының мынадай қайталанбас ерекшеліктері болған:

1) қылмыстық жауапкершілікке тарту 13 жастан бастап жүзеге асқан. Қазақтардың арасында «он үште отау иесі» деген ұғым қалыптасқан.

2) билер институтының қоғамдық қызметі мен құқықтық бағыт-бағдарын айқындауда өзіндік дала конституциясы ретінде танылған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» құқықтық ережелері құнды болды. Егер де даулы істерді қарау барысында шешім шығаруға қатысты мәселелер осы аталған заңдарында қаралған болса, онда соларда көрсетілген ережелерге сүйенген.

3) Сонымен қатар, билер сотының шешімі әрқашан да әділеттікке негізделіп, олардың кескен үкімдері мен шешкен даулары өзіндік құқықтық норма сипатына ие болған. Сол арқылы жаңадан туындаған дау-жанжалды, нақты бір қиын істі шешкен ереже, қағида, нақыл сөздер норма, сот прецеденті ретінде ел арасына тарап, келешекте орын алған ұқсас сот істерінде, дау-жанжалдар туындағанда қолданылған. «Кезінде осындай дауды Едіге би былай шешкен екен, мұндай дауға қатысты Төле бидің мынадай шешімі болған» деген сияқты, немесе қандай да бір рудағы ерекше әдіс-тәсіл арқылы әділ шешілген даулы прецеденттердің тәжірибесін келтіре отырып, дәстүр сабақтастығы негізінде әділетті шешімдер шығарылған. Сондықтан да, қазақ билерінің адал  қызметіне арқау болған прецедент ұғымының мәнін ашып, арнайы тоқталсақ. Түсіндірме сөздігіне сүйенсек, прецедент дегеніміз – дәл қазіргі сәтте орын алып отырған жағдайға ұқсас бұрын болған нәрсе, келесі болатын жағдайларға үлгі боларлық жағдай. Яғни,өткен нәрсеге ұқсас нәрсені табу. Сот прецеденті (латын тілінен аударғанда praecedens, praecedentis – алдында болған) – нақты істер бойынша сот арқылы қабылданған шешімдер. Оның негізі көрсетілген істерді талқылау барысында барлық немесе төменгі инстанциядағы соттарға үлгі ретінде міндетті болып табылады. Мінеки, көріп отырғанымыздай, қазіргі кезде құқықтық мемлекет деп танылған батыстық елдердің қолданып жүрген сот прецеденті ұғымын қазақ билері өз заманында түрлі дауларды шешуде шебер пайдалана білген.

Қазақ қоғамындағы сот жүйесін модернизациялаудың жемісі  –бұрынғы қалыптасқан қазақ даласындағы тарихы бар құндылықтармен сабақтасуында  деп білемін.

Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы                             

Рауия Кустанова

 

 

 

                   

 

 

 

 

Пікірлер мен ұсыныстар